14.01.2022, 17:40

Алматыдағы тәртіпсіздіктер кезінде қаза болған 4 жасар қыздың отбасына пәтер беріледі

Фото: Tengrinews.kz
Көз жұмған сәбидің 15 жастағы әпкесі реанимацияда жатыр.

Әкім Бақытжан Сағынтаев Алматыда 7 қаңтарда тәртіпсіздіктер кезінде қаза болған 4 жасар қыздың отбасына көңіл айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Әкімдік мәліметінше, Бақытжан Сағынтаев тәртіпсіздіктер кезінде қаза болған 4 жасар Айкөркем Мелдеханның отбасына барып, көңіл айтқан.

"Қала әкімі қыздың әкесі Айдос Мелдіханұлы мен анасы Динара Адамоваға орны толмас қайғыға байланысты көңіл айтты. Отбасына материалдық көмек көрсетілді. Оларға 3 бөлмелі пәтер беріледі ", - делінген хабарламада.

Тәртіпсіздіктер кезінде 4 жасар Айкөркем қаза болған, ал оның 15 жастағы әпкесі Жанель жарақаттанып реанимацияға түскен. Сағынтаев Жанельдің сауығып кетуін, ата-анасына төзімділік пен шыдамдылық тіледі, делінген хабарламада.

Айта кетейік, 7 қаңтарда Алматыдағы тәртіпсіздіктер кезінде 4 жасар қыз қаза тапқаны хабарланған болатын. Бұл туралы балалар омбудсмені Аружан Саин мәлімдеген еді.  

Sn.kz порталының басқа да маңызды жаңалықтарын InstagramTelеgramfacebooktwitter және vk секілді әлеуметтік желідегі парақшаларымыздан оқи аласыздар.