$ 489.06  536.21  5.05

Ақтөбе облысының әкімі ереуілшілерге неге шықпағанын айтты

Митинг басталғалы жұрт көзіне көрінбей кеткен Оңдасын Оразалин екі сағаттық баспасөз мәслихатын берді. Бүлінбеген кабинетінен бөлек, көтерілістің қантөгіссіз аяқталғанына шүкір етіп отыр.
Фото: ашық дереккөз
Фото: ашық дереккөз

Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин митингіге неге шықпағанын айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі КТКтелеарнасына сілтеме жасап. 

Митинг басталғалы жұрт көзіне көрінбей кеткен Оңдасын Оразалин екі сағаттық баспасөз мәслихатын берді. Бүлінбеген кабинетінен бөлек, көтерілістің қантөгіссіз аяқталғанына шүкір етіп отыр. Осы уақытқа дейін қаладан тыс шықпай жұмыс орнында тапжылмай отырғанын айтады. Аймақта жарияланған төтенше жағдайды тоқтату үшін Мемлекет басшысына өтініш жолдаған. Енді бірер күнде облыс әкімдігі ғимаратындағы қоршау алынып, қазына ақшасына қайта жөнделеді.

Телеарна тілшісінің сөзінше, оның митинг кезінде наразы топпен кездесуге құлқы болмаған. Есесіне, Оразалин қала әкімі Асхат Шахаровты шеруге шыққандармен жүздесуге жұмсадым деп отыр. Ақтөбе облысының басшысы осы қызметке тағайындалған үш жыл ішінде өтініш айта келген наразы топтың бірде-бірін қабылдамаған екен. Мұны әкім былай түсіндірді. 

"Мен үш жылдан бері, осы жерге келгеннен бері, өздерің көрген шығарсыңдар, бірде-бір осындай заңсыз әрекетке барып, шыққан жоқпын. Түсініктеме берген де жоқпын. Бұл менің ұстанған қағидатым дедім ғой. Мына заңсыз әрекетке жиналған, заңсыз талап қойғандармен бәрі де заңға қайшы келіп, талаптары мемлекетті құлату деген. Сонда мен сол жерге шығып уәде беруім керек пе?", - дейді Ақтөбе облысының әкімі.

Жаппай тәртіпсіздік кезінде Оңдасын Оразалиннің жұмыс орнына ешкім тимеген екен. Тіпті бүлікшілер табалдырығынан да аттамапты. Мұны әкім тылсым күшке балап отыр.

"Біріншіден, менің ойымша, Құдай сақтады ма, ата-бабаның аруағы ма, иә, іштей білетін адамдар сескенді ме, бірақ табалдырығынан аттаған жоқ. Әкімнің кабинеті қандай да бір Жаратушының арқасында аман қалды. Қанша дегенмен, билік киелі дүние ғой", - дейді Оңдасын Оразалин.

Sn.kz порталының басқа да маңызды жаңалықтарын InstagramTelеgramfacebooktwitter және vk секілді әлеуметтік желідегі парақшаларымыздан оқи аласыздар.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары