$ 494.87  520.65  4.91

Астаналық архитектор LRT-ның орнына жерүсті саябақ тұрғызуды ұсынды

Елордалық архитектор, урбанист Аян Зикирин құрылысы ұзаққа созылған LRT желісінің орнына, авторлық жобасын ұсынып отыр. Осы орайда маман өз жоспары туралы ҚазАқпарат тілшісіне айтып берді.
Фото: ашық дереккөз
Фото: ашық дереккөз

«LRT желісі бойында жерүсті саябақ тұрғызуды ұсынамын. Бастауын әуежайдан алатын желінің жаңа вокзалға дейінгі ұзындығы 22,4 шақырымды құрайды. Президент бір сөзінде, LRT желісі бағытымен жүретін жолаушылардың ағыны соншалықта көп болмайды деген еді. Расында да жаңа вокзал аумағында көп адам тұрмайды. Саябақтың қаланың халық жиі жүретін және басты қонақжай орындары бар аумақта болғаны жөн. Яғни ЭКСПО, жаңа мешіт, Ботаникалық бақ, Президент саябағы, Ақорда тағы сол сияқты. Осы аталған орындарды саябақ жалғап жатады, ал адамдар сол саябақ арқылы жаяу жүруге болады», - деді Аян Зикирин.

Урбанист маманның айтуынша, елорданың сол жағалауына тән проблема, жаяу жүргіншілер үшін жағдай жасалмаған.

«Сол жағалау негізінен көлік қозғалысына арналған. Ал жаяу жүргіншілер үшін ыңғайсыздау. Ал мен ұсынып отырған жобаға сай, сол жағалаудың басты қонақжай орындарын саябақ байланыстырады. Сол арқылы қаладағы бірнеше саябақты өзара жалғастыруға болады. Кезінде елордаға Лондоннан қала жоспарын дамыту бағытында жұмыс істейтін ірі компания өкілдері келді. Олар да қаланың жасыл аймағының өзара байланысқанын қолдады. LRT желісі бойында жерүсті саябақ салу арқылы, жол қозғалысы проблемасын ғана емес, сонымен қатар қаланы көгалдандыру мәселесі де оң шешімін таппақ», - дейді ол.

Сондай-ақ, архитектор LRT желісі бойында лифт, эскалатордың болуы және мүгедек жандарға жағдайдың жасалуы маңызды екенін тілге тиек етті.

«Шамамен есептесек, бір қалалық саябақтың маңайында 200 мың адам тұрады. Солардың барлығы болмаса да көбісі саябақтың қызығын көреді. Ендігі мәселе, қыстыгүні не болмақ? Қыс елордада шамамен 155 күнге созылады. Жылдың қалған 200 күні қар болмайды деген сөз. Сондықтан саябақтың пайдасын қыстыгүні де көруге болады. Оның ішінде қыс қаласын тұрғызуға, түрлі қысқы спорттық іс-шаралар өткізуге болады. Яғни жазда саябақта жаяу және веложолдарды дамытса, қыста шаңғыны қолға алуға болады. Мемлекет басшысы бұқаралық спортты дамытуды жиі айтып жатады, міне спортты насихаттаудың бір жолы осы», - деді А. Зикирин.

Одан бөлек, астаналық тұрғын АҚШ, Оңтүстік Кореяның тәжірибесін мысалға келтіріп, үлгі алуға болатындығын айтты.

«LRT құрылысы жобасының теңгемен шаққанда 600 млрд-ты құрайтынын білеміз. Әрине, жол желісі салынса, нұр үстіне нұр. Қаланың көлік қозғалысын оңалтуға біраз септігін тигізеді. LRT желісін тұрғызған дұрыс, қолдаймын. Бірақ, қазір емес. Менімше, қазір елорданың оң және сол жағалауын өзара байланыстыру маңызды. Және менің ойымша дәл қазір LRT көлік кептелісі мәселесін бірден шеше алмайды. Ал оның орнына жерүсті саябақ жасау, әлдеқайда тиімді әрі арзанға түседі», - дейді архитектор.

Еске сала кетсек, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев таяуда өткен Мәжіліс отырысында елордадағы ЛРТ құрылысы туралы пікір білдірген еді. Президент отандық және шетелдік сәулетшілер мен урбанистерді шақырып, жобаны іске асырудың ықтимал нұсқаларын анықтауды ұсынды.

Sn.kz порталының басқа да маңызды жаңалықтарын InstagramTelеgramfacebooktwitter және vk секілді әлеуметтік желідегі парақшаларымыздан оқи аласыздар.

 

 

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары