18.01.2022, 01:28

Митингке барып сөйлеген имам елді таңқалдырды (видео)

Фото: ашық дереккөз
Батыс Қазақстан облысының бас имамы Бақытжан Құралбайұлының 4 қаңтарда Орал қаласында өткен митингте сөйлеген сөзі көпшіліктің жүрегін елжіретті.

Имамның сөйлеген сөзін адвокат Абзал Құспан Facebook парақшасында жариялады, деп жазады nege.kz.

«Тарихтан білеміз, ел басына күн туғанда қазақ елінің имамдары өре тұрып, иық тіресіп жауға қарсы сапқа тұрған. Кешегі Жұмағазы хазіреттер Ақжайық елін шоқындыруға табанды түрде қарсылық танытып, жанын аямай күресіп, сол имамдардың арқасында мұсылман ел болып отырмыз. Сол асылдардың сынығы, жақсылардың жалғасы – БҚО бас имамы Бақытжан Құралбайұлы. Әрдайым халықтың арасынан табылып, мұңын мұңдап, жоғын жоқтап жүреді. Алла разы болсын! Осындай имамдардың іс-әрекетін көргенде иманың нығайып, мұсылман болғаныңа мақтанып, марқайып қаласың. Көркем мінезімен, білімімен, амалымен халыққа үлгі, елге бағыт-бағдар беріп отыр»,- деді Абзал Құспан. 

Видеода имам елге қолдау көрсеткен. 

«Бұл – біздің қазақтың жері. Пайғамбарымыздың өзі соғысқа жіберіп тұрғанда, «қарсыластың еліне барғанда шөбін жұлмаңдар, ағашын сындырмаңдар» деп бұйырған. Әйелдерге қол көтермеңдер, ақсақалдарға тимеңдер деген. Біз өз мақсатымызға жетеміз. Бірақ ешқандай қирату болмасын. «Жылы-жылы сөйлесең, жылан інінен шығады. Қатты-қатты сөйлесең, мұсылман дінінен шығады» деген. Шәкірттерім тамақ әкеліп жатыр. «Ұстаз, тапсырмаңызды орындадық, бірақ бірді-екілі ішкен жігіттер де бар екен» деп айтты. Сосын алаңға өзім келдім. Мені әрі кетсе жұмыстан шығарар. Тәуелсіздігімізді арақпен қорғаған жоқпыз. Сондықтан ішіп алғандарды үйлеріне қайтарыңыздар. Елдің сиқын бұзбаңыздар. Одан да сау 10 шақты жігітті шақырыңыздар. Бір-бірімізді құрметтейік, сыйлайық», – деді имам.