20.01.2022, 10:00

Атырауда есірткіге еліткен жігіт ірі супермаркеттің тас-талқанын шығарды

Нашақор дүкенге әйнек есікті сындырып ішке кірген.

Атырауда наркологиялық есепте тұратын ер адам қаланың қақ ортасындағы ірі супермаркеттің тас-талқанын шығарды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі «Астана» телеарнасына сілтеме жасап.

Нашақор дүкенге әйнек есікті сындырып ішке кірген. Сөрелерді құлатып, тамақтарды шашқан. Тұрмыстық химиялық заттарды төгіп, дүкенді астаң-кестең еткен.

Құқық қорғаушылар 31 жастағы қала тұрғынын ұстады. Қылмыс жасаған кезде оның есі кіресілі-шығасылы болған. Есіре айғайлап, ерсі қылықтар көрсеткен. Ол 2013 жылдан бері наркологиялық  диспансерде есепте тұрған. Алдын ала болжам бойынша, ол дүкен ішінен есірткі іздеген болуы мүмкін. Полиция екі  бап бойынша қылмыстық іс қозғады. Төтенше жағдай талаптарын бұзғаны және ұрлық жасауға оқталғаны үшін жауап береді.

«Күдікті - Атырау қаласының 1991 жылғы тұрғыны анықталып ұсталды. Ол дүкен ішінде азық-түлік сөрелеріне , тұрмыстық заттар сататын сөрелерге зиян келтірген. Материалдық шығын көлемі қазіргі таңда есептелуде. ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы бойынша  қазіргі кезде тергеу амалдары басталып кетті», - деді Атырау облыстық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Мейірім Ердәулет.

Sn.kz порталының басқа да маңызды жаңалықтарын InstagramTelеgramfacebooktwitter және vk секілді әлеуметтік желідегі парақшаларымыздан оқи аласыздар.