Қазақстандағы қаңтардағы тәртіпсіздіктер кезінде қаза тапқан бейбіт тұрғындардың барлығының несиелері кешіріледі, деп хабарлайды Stan.kz.
Бұл туралы орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында ҚР Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігінің қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің директоры Александр Терентьев мәлімдеді.
Департамент басшысы нұсқауларға сәйкес тәртіпсіздіктер кезінде қаза тапқан әскери қызметкерлердің де несиелері есептен шығарылатынын еске салды.
"Дәл осындай жұмыстарды агенттік тәртіпсіздіктер кезінде қаза тапқан бейбіт тұрғындардың тізімдері бойынша жүргізеді. Қазіргі таңда бұл жұмыс іске асуда", – деді Терентьев.
Агенттік департаментінің басшысы тәртіпсіздіктерден зардап шеккен қазақстандықтар несиелер мен шағын несиелердің барлық түрі бойынша төлемдерді кейінге қалдыруға болатынын айтты.
Кешіктіріп төлеу барлық зардап шеккен заңды және жеке тұлғаларға төтенше жағдай енгізілген күннен бастап үш ай көлемінде беріледі. Сондай-ақ кешіктіріп төлеу мерзімін жеке негізде де ұзарту мүмкіндігі қарастырылған.
Sn.kz порталының басқа да маңызды жаңалықтарын Instagram, Telеgram, facebook, twitter және vk секілді әлеуметтік желідегі парақшаларымыздан оқи аласыздар.