21.01.2022, 16:00

Түркістан облысында шенеунік журналисті өлтіруге 5 млн теңгеге тапсырыс берген

Фото: ашық дереккөз
Адам өлтіруге оқталған екі күдікті Шымкенттен ұсталған.

Түркістан облысында шенеунік журналисті өлтіруге тапсырыс берген. Ол сарыағаштық блогердің өмірін 5 млн теңгеге бағалаған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық ПД бастығы Қайрат Дәлбековтың айтуынша, бүгінгі таңда аталған қылмысқа қатысы бар деген күдікпен 5 адам ұсталған. Оның бірі - аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы екені белгілі болған.

«Адам өлтіруге оқталған екі күдікті Шымкенттен ұсталды. Олардан заттай айғақ ретінде ВАЗ (2107/21110) маркалы 2 автокөлік тәркіленді. Қылмысты орындаушылар бұл автокөліктерді қылмыс жасағаны үшін берілетін ақшаға сатып алған. Сондай-ақ олардан 16 калибрлі патрондар алынды. Қазіргі уақытта Сарыағаш ауданы тұрғындарының бірі, яғни шенеуніктің осы қылмысқа тапсырыс бергені анықталды. Ол журналистің өмірін 5 млн теңгеге бағалаған», - деді Қайрат Дәлбеков.

Айта кетейік, 3 қаңтар күні Сарыағаш ауданында тұратын журналист Амангелді Батырбековтың үйіне шабуыл жасалып, оның баласы жарақат алған болатын.

Сол күні полиция қызметкерлері бұл жайтты аудандық полиция бөліміне тіркеп, ҚР ҚК 24-99-баптары бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады. «Ұсталған бес адамның ішінде сол шенеунік, оның қол астында істеген соның жақын адамы, тапсырыс берген адам мен екі күдікті бар. Тапсырысты орындаушылар бұрын бізде есепте болмаған. Өз кезегінде тапсырысты орындаушылар ізін жасыру мақсатында Сарыағаш ауданынан Шардараға, содан соң Арыс арқылы Шымкентке жеткен. Қазір тергеу тобы тиісті тергеу амалдарын жүргізіп жатыр.

Қылмыстық іс аясында қажетті процессуалдық әрекеттер іске асырылуда. Сотқа дейінгі тергеу барысында қылмыстың себептері мен барлық мән-жайы анықталады. Сот оларды қамауға санкция беріп, күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды. Бұл қылмысқа журналистің қызметі себеп болуы мүмкін деген болжам бар» - деді полиция генерал-майоры.

 

Sn.kz порталының басқа да маңызды жаңалықтарын InstagramTelеgramfacebooktwitter және vk секілді әлеуметтік желідегі парақшаларымыздан оқи аласыздар.