Қазақстандық тетар және кино актері Бақыт Тушаев Алматыдағы көше атауын Заманбек Нұрқаділовтің атына беруді ұсынды.
Бақыт Тушаев желіде ойын ортаға салды.
“Алматыдағы бұрынғы Фурманов көшесінің атауын Заманбек Нұрқаділовтің атына ауыстыру керек. Зәкең қай жағынан да әбден лайық. Бұл ұсынысымды мәжіліс депутаттары қолдау керек”, – деп жазды актер.
Бұл пікірге желі қолданушылары мен кейбір өнер өкілдері қолдау білдірді.
“Қолдаймын”, – деп жазды әнші Ұлту Қабаева.
“Өте дұрыс”, – деп жазды Меруерт Түсіпбаева.
“Түк керегі жоқ қарағым”, “Заманбек ағамыз Алматыға еңбегі бар”, “Қазір әр жерден Фурманов атауын, не Алтынбек Сәрсенбайұлының немесе Заманбек Нұрқаділдің атына беруді талап еткен жұрт көп. Біреуіне тоқтаған жөн. Тіпті, екі тұлғаға да Алматының қай көшесінің атын берсе де, тарлық етпейді”, “Керек емес”, “Елбасының да еңбегі бар емес пе?”, – деп жазды желідегілер.
Айта кетейік, Алматыдағы бұрынғы Фурманов, қазіргі Назарбаев даңғылы Жетісу, Алмалы, Бостандық аудандарында орналасқан. Райымбек даңғылынан басталып, Таулы қыраттағы Қажымұқан көшесіне дейін созылып жатыр. Бұрынғы атауы - Лепсі (Лепсинская) көшесі. Көшенің ұзындығы - 6050 метр.
2017 жылдың 30 қарашасында Фурманов көшесі Қазақстанның Тұңғыш Президентінің құрметіне Назарбаев даңғылы болып өзгертілді.
Дереккөз: Stan.kz
Sn.kz порталының басқа да маңызды жаңалықтарын Instagram, Telеgram, facebook, twitter және vk секілді әлеуметтік желідегі парақшаларымыздан оқи аласыздар.