Денис Евсеев Литва астанасы Вильнюсте өткен ITF турнирінің абсолютті жеңімпазы атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстан теннис федерациясы мәлім еткеніндей, жүлде қоры 25 мың АҚШ долларына бағаланған жарыста Д.Евсеев жекелей және жұптық сында үздік шықты. Алдымен Денис белоруссиялық Иван Лютаревичпен бірге жұптық сын финалында мажарстандықтар Фабиан Марожан мен Петер Файтты тартысты матчта 6:4, 7:6 (7:4) есебімен жеңді. Д.Евсеев жекелей сында финалда финляндиялық Отто Виртаненді 5:7, 6:3, 7:6 (7:4) есебімен ұтып, чемпион атанды. Осылайша Д.Евсеев ITF додаларындағы 18-інші (соның 8-і жекелей сында) титулына қол жеткізді. Литвадағы осы табысының арқасында Денис алдағы дүйсенбіде әлемдік рейтингіде 349-орынға көтеріледі. Сондай-ақ Дамир Жалғасбай Минск қаласында 14 жасқа дейінгілер арасында екінші санаттағы Tennis Europe турнирінде сәтті өнер көрсетті.