$ 494.87  520.65  4.91

Астананың іргесінде тұрып киіз үйде босанған келіншек сәбиінен айрылды

Астана іргесіндегі Қоянды ауылында бір келіншек орта ғасырдағыдай киіз үйде босанып, нәрестесін шетінетіп алды, деп хабарлайды 31 арна.

Туыстарының айтуынша, бұл жағдай ата-ананың салақтығынан емес, дәрігерлердің салғырттығынан болған. Толғағы басталғанда шақырған жедел жәрдем екі жарым сағаттан кейін ғана келіпті. Ол уақытта жас ана босанып та қойған. Кешігіп жеткен дәрігерлер өлі туған баланың кіндігін де кесуге шамасы жетпей, сол қалпы ауруханаға дедектетіп алып барыпты.

21 жастағы Алмагүл киіз үйде дәрігер емес, қайынапасы тудырып алады.

«Науқас таситын арнайы дембілі жоқ жедел жәрдем көлігінің жанармайы да болмай шыққан. Ауруханаға жеткізу үшін бензинді Бақыткүлдің өзі төлепті. Аудандық дәрігерлер осы уақытта алыстан тек нұсқау беріп отырған. Ең болмаса Астанадан жедел жәрдем шақыртуға рұқсат етпепті. 3 сағаттан кейін әрең деп жатқызылған облыстық аурухананың дәрігерлері туған сәбидің дұрыс жетілмегенін анықтаған», делінген телеарна сюжетінде.

Кейін белгілі болғандай, іштегі нәрестенің шала бітіп жатқанын 1 апта бұрын Астанадағы дәрігерлер анықтапты. Ем көрсетудің орнына, аудандық ауруханаға сілтеме жазып жіберген. Олар болса кезекке тұру, құжат дайындау деп созып жүріп алады. Енді дәрігерлердің салғырттығынан сәбиінен айырылған Алмагүлдің бала көтермей қалуы мүмкін.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары