"Омикрон" штамының таралуына байланысты коронавирустың шарықтау шегі ақпан айының ортасына келеді. Бұл туралы ДСМ санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы Айжан Есмағамбетова мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik.
Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында журналистер денсаулық сақтау министрлігінің өкілінен "омикрон" бойынша вирустың шарықтау шегі қашан болжанып отырғанын сұрады.
- «Біз эпидемиологиялық жағдайға үнемі болжам жасап тұрамыз. Өздеріңізге мәлім, бізде болжам реалистік, оптимистік және пессимистік сценарий бойынша жүргізіледі. Бүгінгі болжам бойынша коронавирус жұқтырудың шарықтау шегі ақпан айының ортасына тұспа-тұс келіп тұр», - деп жауап берді Айжан Есмағамбетова.
Бұған дейін 12 қаңтарда денсаулық сақтау министрлігі "омикрон" штамының табылуына байланысты эпидемиологиялық жағдайға болжам жасады.
Оптимистік сценарий кезінде ревакцинациямен 100% қамтылғанда және профилактика шараларын жаппай сақтағанда, тәулігіне 17 мыңнан астам жағдай тіркелуі мүмкін.
Реалистік сценарийге сәйкес, ревакцинациямен 70%-ке дейін қамтылғанда, профилактика шараларын ішінара сақтағанда, тәулігіне 25,5 мың адам індетке шалдығады.
Ал пессимистік сценарий кезінде – ревакцинациямен 40% қамтылғанда, профилактика шараларын сақтамаса, тәулігіне 40 мың адам вирус жұқтырады деген болжам бар.
Sn.kz порталының басқа да маңызды жаңалықтарын Instagram, Telеgram, facebook, twitter және vk секілді әлеуметтік желідегі парақшаларымыздан оқи аласыздар.