27.01.2022, 17:20

Үлкен домбыра нысанын салу ұсынылды

Лондонда - Биг-Бен, Парижде - Эйфель мұнарасы, астанада - Бәйтерек. Бұл нысан Ақтау қаласының ерекше символы болмақ.

Ақтау жағалауында домбыра архитектуралық нысанын салу ұсынылды. Бұл ұсынысты Қазақстанның Q88 урбанистер қауымдастығы кеңесінің мүшесі Ержігіт Балқыбеков жасады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Идеяға сәйкес, ғимарат ұзындығы 160 метр және биіктігі 110 метр болуы мүмкін. Нысанның жалпы ауданы - 3 гектар.

"Барлық қалада, соның ішінде жағалауда орналасқан қалалардың өзіндік ерекшелігі бар. Лондонда - Биг-Бен, Парижде - Эйфель мұнарасы, астанада - Бәйтерек. Бұл нысанды Ақтау қаласының ерекше символы ретінде ұсынамыз", - деді Ержігіт Балқыбеков.

Сонымен қатар, Балқыбеков бұл тек сәулет нысаны ғана емес, оның өзіне тән қызметі де бар екенін айтты. Оның айтуынша, домбыраның астына амфитеатр қойылады, онда түрлі көркемдік қауымдастық өкілдері өз өнерін туристер мен жергілікті тұрғындарға көрсете алады.

"Екіншіден, Шевченко саябағына іргелес жаяу жүргіншілер көпірі салынады. Көпірдің бір бөлігі теңізге шығады. Көпірдің оң және сол жағынан бүкіл жағалау мен теңізді көруге болады", - деді Ержігіт Балқыбеков. 

Sn.kz порталының басқа да маңызды жаңалықтарын InstagramTelеgramfacebooktwitter және vk секілді әлеуметтік желідегі парақшаларымыздан оқи аласыздар.