31.01.2022, 16:40

«Алматы мәңгі жүрегімде»: Сағынтаев алматылықтармен қимай қоштасты

Фото: azattyq-ruhy.kz
Алматы қаласына жаңа әкім тағайындалды.

Алматының бұрынғы әкімі Бақытжан Сағынтаев өзінің Facebook-тегі парақшасында қала тұрғындарына үндеу жолдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Бүгін мен өз лауазымымды жаңа әкімге тапсырамын. Осыдан тура 720 күн бұрын Президент маған Алматы әкімдігін басқаруды сеніп тапсырды. Бұл үшін Мемлекет басшысына ризамын. Мен сіздермен үнемі бірге болдым. Қала өмірін жақсартуға бар күш-жігерімді арнадым. Ұзақ мерзімді «Алматы-2050» стратегиясын қабылдап, қаланы дамытудың келешегін айқындадық. Президенттің «Шетсіз қала» қағидаты негізінде қалаға қосылған аудандардың түйткілді мәселелерін шешуге баса назар аударып, «Жаңа Алматы» кешенді бағдарламасын қабылдадық», −  дейді ол.

Оның айтуынша, қаланың денсаулық сақтау жүйесі нығайтылды. Бір жылдың ішінде ең заманауи жабдықтармен жабдықталған, жұқпалы ауруларға арналған 3 аурухананы іске қостық. Пандемия кезінде денсаулық сақтау жүйесіндегі дағдарысқа жол берілмеді.

«Менің әрбір жұмыс күнім сіздердің көз алдарыңызда өтті. Өздеріңізбен әрдайым кездесіп, ақылдасып отырдық. Апта сайын Akimat Live тікелей эфиріне шықтым. Атқарылған шаралар туралы үнемі хабардар болдыңыздар. Бірге атқарылған жұмыс үшін алматылықтарға алғыс айтамын!

Қаламызға және барша алматылықтарға бақытты ғұмыр тілеймін! Алматы мәңгі менің жүрегімде», − деді Сағынтаев.

Айта кетейік, Алматы қаласының әкімі лауазымына Ерболат Досаев тағайындалды.

 

Sn.kz порталының басқа да маңызды жаңалықтарын InstagramTelеgramfacebooktwitter және vk секілді әлеуметтік желідегі парақшаларымыздан оқи аласыздар.