04.02.2022, 13:00

5 айдан бері ауруханада жалғыз жатқан 2 жасар сәбидің әкесі сұхбат берді

Фото: ашық дереккөз
Сәбидің туыстарының айтуынша, баланың әкесі Мейірбек олармен соңғы уақытта араласпаған. Оның үстіне, баласы барын да айтпады деп налып отыр.

Төрт ай бойы ауруханада ата-анасын асыға күткен Тәңірберген бүгін туыстарымен табысып, әкесімен қауышты. Бұл туралы  Almaty.tv арнасы хабарлайды.

Сәбидің туыстарының айтуынша, баланың әкесі Мейірбек олармен соңғы уақытта араласпаған. Оның үстіне, баласы барын да айтпады деп налып отыр. Ал бөбегімнен бас тартпаймын деген әке бүгін №2 емханада 4 ай бойы жатқан екі жасар нәрестесімен қауышты. Оның айтуынша, енді баланың тиісті құжаттарын толық рәсімдегенше, заңгермен кеңеспек.

Сүйкімді сары балапанның видеосы қазір әлеуметтік желіде желдей есіп, жұртшылықтың жанына батқаны жасырын емес. Екі жасар баланың ауруханада төрт ай бойы ата-анасыз күнелткені де көпшіліктің ызасын тудырған. Алайда баланың әкесі тұрағым болмай, тұрмыстан тарыққан соң ауруханада уақытша қалғанын қалап едім дейді.

- «Теледидардан әкесі тастап кетіпті деп көрсетіп жатыр, негізі тым әсірелеп жіберген. Өтірік ол, мұндағы дәрігерлердің бәрі көріп жүр ғой, мен ай сайын келіп тұрамын, баламды көріп тұрамын. Қолымнан келгенше, әрине. Ол менің балам. Кім өз баласын тастап кете салады екен. Өз балам, өзім асырағым келеді. Ол әйелімді немесе басқаны кінәлаудың пайдасы жоқ, бала маған керек» - Тәңірбергеннің әкесі Мейірбек Тілепбаев.

- «Біз өзіміз де нашар жағдайда, батпақта, лас жерде, ауылда өстік қой. Дәрігерлерге еш өкпем жоқ. Рахмет айтамын! Кеше де дәрігерлер хабарласып, «тезірек кел, жағдай мынадай болып кетті» деп байланыста болды», - деді Мейірбек Тілепбаев.

Ал Тәңірбергенді жақындары жарылқай алмаса, бауырыма басамын деген хаттар біздің редакцияға да түсіп жатты. Алайда ағайындары баланың барын әттең кеш біліп қалдық деп бармақ тістеп отыр. Әйтпегенде жағдай ушықпас еді дегенді алға тартты.

- «Біз кеше ғана білдік, шын айтамын. Әкеміз жылап хабарласып, айтқаннан кейін біз іздестіріп бастадық. Кеше түнімен ұйықтағанымыз жоқ. Менің інім ғой енді, інім. Біз «асырап аламыз» деп айтылып, жазылып жатқан пікірдің бәрін оқып отырмыз. Ол баланы өзіміз-ақ асырап аламыз, бір баланы асырап алуға шамамыз жетеді» - Тәңірбергеннің әпкесі Жанар Тілепбаева.

Медициналық мекеменің мамандары Мейірбекке қатысты ешқандай іс қозғамады, сондықтан баланы қайтарып алуына толық мүмкіндігі бар дейді. Қорытынды анализдерін тапсыртып, құжаттарын рәсімдеуіне көмектеспек.

- «Әкесі келді, баласын көрді, жағдайын білді. Ары қарай бізден кеңес алды, баланың ары қарай кететін жағын сұрады, қай жаққа барады деді. Біз өз кезегімізде жағдайдың қалай болатынын түсіндіріп, тиісті кеңестерімізді бердік. Баланың туу туралы куәлігі алынды. Енді балалар үйіне аударылды» - деді Заңгер Рүстем Балтабаев.

Мейірбектің жақындары бүгіннен бастап балаға қатысты барлық құжатты қайта рәсімдеп, әкесіне қалдыру үшін көмек береміз дейді. Ал тиісті талаптар заң аясында орындалғанша, екі жасар сәби уақытша балалар үйінде болмақ.

Sn.kz порталының басқа да маңызды жаңалықтарын InstagramTelеgramfacebooktwitter және vk секілді әлеуметтік желідегі парақшаларымыздан оқи аласыздар.