Кеше Тараз қаласында қоғам белсендісі Жанна Папинаның Персик атты итін ит атқыштар ескертусіз атып кетіпті. Оны Facebook, Instagram желілерінде тікелей эфир арқылы жоқтап жылаған белсенді, онысымен қоймай, өлген итін әкімдіктің алдына апарып, облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың шығуын талап еткен. Бір қызығы, оған әкім тайлы-тұяғымен түгел шығып, бір хайуанның өлімін мәселе етіп көтеріпті, деп жазды turkystan.kz.
Бұл туралы журналист Жасұлан Әбдіхалық Facebook-тегі парақшасына жазды.
«Сіз мықтысыз! Мойындадым! Келді әкім! Есігінің алдына сағаттап көпбалалы аналар келгенде шықпаған әкім, әкімдікті бүлікшілер өртеп жатқанда шықпаған әкім, журналистерді тергеп-тексеріп, тепкілеп жатқанда келмеген әкім келді! Өзі ғана емес, қасында қала әкімі Жылқыбаев, ауыл шаруашылығы орынбасары Нұржігітов, ветеринария басшысы, прессегі бәрі келді, Персикке! Айнала қоршап тұрып сөз сөйледі. Персиктің арманы жоқ, әпке! Арманы жоқ!» – деп мысқылдады Жасұлан Әбдіхалық.
Бұл ретте Бердібек Сапарбаев өлген иттің басында тұрып, жауаптыларға жекіген. Ол туралы төмендегі видеодан көруге болады.
«Екеуің де кінәлісіңдер. Шаш ал десе, бас аласыңдар. Сендерге ешкім айтқан жоқ қой, бәрін атыңдар, қырыңдар деп. Сендер әуелі алдымен анықтауларың керек еді, мынаның адамға зияны бар ма, жоқ па? Балаларды қаба ма, қаппай ма? Ауру ма, сау ма? Қауіпті ме? Содан кейін ғана әрекет ету керек еді», – деді облыс әкімі.
Оның осылай қызметкерлеріне жекігенін видеоға түсіріп алған иттің иесі сол жерде солығын баса алмай, әлі жылап тұр. Осы жағдайды әріптесіміз Жасұлан Әбдіхалық өзінше баяндап шыққан. Ол әкімнің сөзін қаңтардағы қақтығыспен байланыстыра «тәпсірледі». Сондай-ақ видеоның Жанна Папинаның желідегі парақшаларынан алынғанын ескертіп қойды.
Sn.kz порталының басқа да маңызды жаңалықтарын Instagram, Telеgram, facebook, twitter және vk секілді әлеуметтік желідегі парақшаларымыздан оқи аласыздар.