Блокчейн және деректер орталығы индустриясы ұлттық қауымдастығының басшысы Алан Доржиев Қазақстан Президентіне ашық хат жазды, деп хабарлайды inbusiness.kz.
Хатта қауымдастық мүшелерінің елімізде бұл қызметпен жасырын айналысатындар мәселесіне назар аударуды бірнеше рет өтінгені атап өтілген. Заңсыз цифрлық майнерлердің нақты саны белгісіз болғанымен, ҚР Энергетика министрлігінің мәліметі бойынша, олар салықсыз және мемлекет субсидиялайтын шамамен 1400 МВт электр энергиясын тұтынады. "Биылғы жылдың 4 ақпанында ведомствоаралық комиссияның отырысында ҚР Қаржы вице-министрі Марат Сұлтанғазиев заң жобасын талқылау аясында криптомайнерлер үшін салық мөлшерлемесін бір киловатт үшін 1 теңгеден 5 теңгеге дейін көтеруді, сондай-ақ қызмет түріне қарамастан майнерлерге арналған жабдыққа салық салу және жабдықтың осы түрін ҚҚС есепке алу әдісімен импортталатындар тізімінен алып тастау туралы өзерістер енгізуді ұсынды", – дейді ұйым өкілі. Сонымен қатар қауымдастық Үкімет пен мүдделі министрліктердің назарын Ресей тәжірибесіне аударуды сұрады. Онда жеке тұлғаларға энергия тұтыну нормаларын енгізу, ал нормадан артық электр энергиясын тұтынатындарға кәсіпкерлік нысан тарифі бойынша төлеу ұсынылған. Бұған қоса артық тұтынылған қуат үшін салық салу да қарастырылған. "Заң аясында жұмыс істейтін майнерлерді еліміздің энергетикалық жүйесінен ажыратып жатқан қазіргі жағдайда салаға салықты көтеру мәселесінің мәні жоқ екенін атап өткім келеді. 2021 жылдың қыркүйегінен бастап қауымдастық мүшелері жалпы мүмкіндігінің 20-30%-ы көлемінде ғана жұмыс істеп, желтоқсан айының соңынан бастап қызметі 100% тұралап қалды. Салдарынын майнингтік фермалар күн сайын млн-даған шығынға ұшырауда. Сондықтан біз бұл шараны мүлдем тиімсіз деп санаймыз", – деді Алан Дорджиев. Қауымдастық мүшелері Ресей Федерациясымен Қазақстанға электр энергиясын жеткізудің қолданыстағы тарифтерін қайта қарау бойынша келіссөздер жүргізуді ұсынып отыр. "Цифрлық мейнерлер мен криптовалюта өндірумен ғана шектелмейтін ресми қызметті жүзеге асыратын дата орталықтарының арасындағы айырмашылықты түсіну маңызды. Дата орталықтар майнерлер үшін ақы төлей алмайды және төлемеуі керек. Вице-министрдің ұсыныстары қабылданған жағдайда, кеншілер еліміздің нарығынан кетіп, сала тұралайды. Бұл "елге цифрлық майнерлер керек пе" деген мәселе емес, бұл жоғары технологиялық салалардың ауқымды бөлігін жою деген мәселе. Ал осы сала Қазақстанды әлемдік аренада жаңа бәсекелестік деңгейіне шығарар еді", – деп жазылған қауымдастықтың хатында. Олар Президенттен мүдделі министрліктерге, соның ішінде Энергетика министрлігіне одан әрі энергетикалық саясатты қалыптастыру бойынша жұмыс тобын құруды және оның құрамына қауымдастық өкілдерін енгізуді сұрайды. Еске сала кетсек, 8 ақпанда өткен Үкімет отырысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев заңсыз жұмыс істеп тұрған барлық майнингтік фермаларды анықтауды тапсырған. "Барлық майнингтік фермаларын анықтауды, салық және кеден мәселелерін тексеруді тапсырамын. 15 наурызға дейін есеп беріңіз. Мемлекет "ақ" майнингке қарсы емес. Бірақ осы салада жұмыс істегісі келетіндердің тиісті лицензиясы болуы керек. Біз майнингтік салықтарын арттырамыз - қазіргі мөлшерлеме аз", - деді Мемлекет басшысы. Қауымдастықтың Президентке хаты жарияланғаннын кейін ҚР Үкіметі цифрлық майнингті "көлеңкелі жүйеден" шығару бойынша бірқатар нақты шаралар қарастыратынын хабарлады. Премьер-Министр Әлихан Смайылов Қазақстандағы заңсыз цифрлық майнинг мәселесі жөнінде кеңес өткізді. "2021 жылға дейін электр энергиясын тұтыну 2%-ға артты. Өткен жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 6%-дан асты. Мұндай елеулі өсім – көлеңкелі майнингтің салдары", – деген Әлихан Смайылов елде электр энергиясы тапшылығының өсуіне жол бермеу мақсатында тиісті министрліктерге осы қызметті заңнамалық түрде реттеу, оның ішінде лицензиялауды енгізу қажеттігіне байланысты бірқатар нақты тапсырмалар берді. "Қазіргі уақытта майнинг мәселелері бойынша заңнамаға қажетті түзетулер әзірленіп жатыр", – деп жазылған ҚР Премьер-Министрінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Sn.kz порталының басқа да маңызды жаңалықтарын Instagram, Telеgram, facebook, twitter және vk секілді әлеуметтік желідегі парақшаларымыздан оқи аласыздар.