Пара алды деген күдікпен ұсталған Бақытгүл Хаменова Атырау облысы әкімдігінде әлі де лауазымды қызметте отыр. Облыс әкімдігі бұл ақпаратты растады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
– Ол өз еркімен жұмыстан кету туралы өтініш жазуы керек немесе тек сот үкімінен соң ғана жұмыстан босатылады, – деді Атырау облысының әкімдігі.
Бақытгүл Хаменова ұсталғаннан кейін оның орнына ешкім тағайындалмаған, тек міндеттері өзге орынбасарлар арасында бөлінген. Денсаулық сақтау саласына Қайрат Бекенов, білім беру саласына – әкімнің бірінші орынбасары Серік Айдарбеков, басқа да бағыттарға – Нариман Таушов жауапты. Қазір Хаменованың өзі Атырау тергеу изоляторында сотты күтіп отыр.
Естеріңізге сала кетейік, 10 желтоқсанда пара алды деген күдікпен Атырау облысы әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменова мен облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ақылбек Рысқалиевтің ұсталғаны белгілі болды. Содан кейін Бақытгүл Хаменованың уақытша ұстау изоляторына қамалғандығы туралы ақпарат пайда болды. Атырау облысы әкімі орынбасарының ұсталғанын келесі күні ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі растады.
Бастапқыда Хаменова үйқамаққа жіберілген болатын. Бірақ кейінірек апелляциялық алқа шенеунікті тергеу изоляторына орналастырды.
Sn.kz порталының басқа да маңызды жаңалықтарын Instagram, Telеgram, facebook, twitter және vk секілді әлеуметтік желідегі парақшаларымыздан оқи аласыздар.