Ашық НҚА порталында әкімдердің халықпен тұрақты кездесулер өткізуі туралы құжат жарияланды.
Қазақстанның Ұлттық экономика министрлігі жариялаған құжатта Президент Жарлығы бойынша әкімдер кездесулерге қалай дайындалу тиіс, іс-шара туралы қашан жариялап, қанша уақыт сөз сөйлеу керек екені туралы нұсқаулық жазылған.
Жарлық жобасында шенеуніктердің азаматтармен өзара әрекеттесу механизмі нақтыланды. Кездесу алдында барлық деңгейдегі әкімдер «жергілікті тұрғындардың ең өткір және басым мәселелерінің пулын» жинайтын комиссия құруы тиіс.
Мәселелерді электрондық және дәстүрлі байланыс арналары арқылы қабылдайтын болады, ал коммуникациялардың барлық арналары, тіпті әкімдердің жеке аккаунттарына дейін, кездесулер өткізу кестелерін және алдағы кездесулерге халықтың сұрақтары мен ұсыныстарын жіберу тәсілдері туралы ақпаратты көпшілікке жариялау алаңы болады. Шенеуніктер алдағы кездесу туралы хабарлау үшін бюджетті ескере отырып бейнелер мен билбордтарды қолдана алады.
Облыс әкімдері кездесу туралы азаматтарды бір ай бұрын, аудандардың, облыстық және аудандық маңызы бар қалалардың әкімдері екі апта бұрын, ауылдардың, кенттердің, ауылдық округтердің және қалалық аудандардың әкімдері бір апта бұрын хабарлауы тиіс.
Сондай-ақ, әкімдерінің есеп беруіне қатысты да мәселе көтерілген. Енді өңір басшылары тоқсан сайын, айдың 25-іне қарай ресми интернет-ресурстарда және "электрондық үкімет" веб-порталында кездесулерде халық көтерген проблемалық мәселелерді шешу туралы ақпаратты орналастыруы тиіс.
"Әкімдердің халықпен тұрақты кездесулерін өткізу туралы" Жарлық жобасы 16 ақпанға дейін жария талқылауға шығарылды.
Sn.kz порталының басқа да маңызды жаңалықтарын Instagram, Telеgram, facebook, twitter және vk секілді әлеуметтік желідегі парақшаларымыздан оқи аласыздар.