$ 494.87  520.65  4.91

«АЭС салу - күн тәртібіндегі қажеттілік» - энергетика саласының сарапшылары

Мамандар көмірдің энергиясы алдағы 300 жылдан аспайды деп отыр.
Фото: ашық дерекөз
Фото: ашық дерекөз

Қазақстандағы  қуат генераторларының басым бөлігінің жұмыс істеп тұрғанына  40 жылдан асты. Тозығы жеткен желілерде апаттық жағдайлар да көп болады. Сондықтан энергетикалық жүйені жаңғыртып,  тәуелсіз атом энергетикасына көшу күн тәртібіндегі қажеттілік. «Алматы энергетика және байланыс университетінің» базасында өткен  «Қазақстанда АЭС салу қажеттілігі» ғылыми семинарында ғалымдар мен сарапшылар осылай пікір білдірді, деп хабарлайды Skifnews.kz  ақпараттық порталы.

«ҚР инженер-энергетиктер Одағының» бас директоры Марат Дұлқайыров атом электр станциясын салудың маңыздылығын 1998 жылдан бері айтып келемін дейді.

«Мен Қазақстанда атом электр станциясын салуды толық қолдаймын. Біздің саланың жағдайы ауыр. Жылдан жылға кейінге қалдырылған тақырып болғандықтан,  көптеген жүйелі мәселелер қалыптасты.  Біз бұрыннан, әсіресе, елдің оңтүстігінде қуаттың орасан зор тапшылығын бастан кешіріп келеміз. Ал  қазіргі жағдай мүлдем күрделі.  Қазір Жамбыл МАЭС-ы бойынша 200МВт 6 блоктың тек 3-і  жұмыс істеп тұр. Ал қалған блоктар газдың жоқтығынан тоқтап тұр. Жалпы газ қоры бізде жоқ деуге болады. Өйткені газдың 80 проценті шетелдік компаниялардың өндірісіне берілген», - дейді Марат Дұлқайыров.

Мамандар көмірдің энергиясы алдағы 300 жылдан аспайды дейді. Оның үстіне бұл қуат көзінің экожүйеге зиянды екенін әлем мойындап, жаппай бастартып отыр. Сондықтан инвесторлар да  көмір электр станцияларына қаржы құймайтын көрінеді. Конференция аясында АЭС құрылысын салудың алғышарттары  туралы «Қазақстан атом электр станциялары» ЖШС бас директоры Тимур Жантикин де пікір білдірді.

«Балқаш станциясының  мысалында қарасақ,  90-шы жылдармен салыстырғанда  АЭС салуға алғышарттар әлдеқайда көп. Қазақстан Париж келісіміне қол қойды. Ал ол өз кезегінде климат өзгерісінің алдын алу үшін елді  «көміртегіден» бас тартуға  міндеттейді.  Әйтпегенде, 2026 жылдан бастап трансшекаралық көміртегі салықтары енгізіледі. Яғни,экспортқа шығаратын әрбір өнімге қосымша салық төлей бастаймыз. Бұл бюджетке үлкен салмақ. Сондықтан біз көмір электр станцияларында электр энергиясын өндіруді қысқартуға тиіспіз. Оның баламасы ретінде Қазақстанға атом энергетикасы ауадай қажет», – деп түйіндеді Тимур Жантикин.

Оқи отырыңыз: «АЭС салу мәселесі еріккенің ермегі емес, қажеттіліктен туындап отырған дүние» - маман

Осыған дейін Қазақстанның энергетика министрі Болат Ақшолақов атом электр станциясын салу жөніндегі жобаны іске асыру елдегі электр тапшылығы мәселесін шешуге мүмкіндік беретінін мәлімдеген болатын.  

Sn.kz порталының басқа да маңызды жаңалықтарын InstagramTelеgramfacebooktwitter және vk секілді әлеуметтік желідегі парақшаларымыздан оқи аласыздар.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары