$ 442.05  474.14  4.74

«Жаңа Қазақстан» – біртекті мемлекет құрудың формуласы

Бір жыл бұрын «Тоқаев Назарбаевтың көлеңкесі емес» деген мақала жазып едім, бірақ оны ешбір басылым баспады...
Фото: ашық дереккөз
Фото: ашық дереккөз

Бір жыл бұрын «Тоқаев Назарбаевтың көлеңкесі емес» деген мақала жазып едім, бірақ оны ешбір басылым баспады. Сол кезде сараптама жасай отырып, Қазақстан қоғамында қалыптасқан жағдай мен  өзгерістер қандай болу керек деген мәселелер төңірегінде ой қозғаған болатынмын. Менің ойымша, сол мәселенің бәрі айналып келгенде «қаңтар қасіретіне» алып келді.

Саясатта біразден бері жүрген жазушы, журналист ретінде ойлап қарасам Қасым-Жомарт Тоқаевтың билікке келген сәтінен бастап елде ішкі бір саяси ойындар жүрген сияқты. Мысалы, Қордайдағы, Арыстағы жағдайдың бәрі айналып келгенде алдын ала дайындалған Президенттің билігін әлсіретуге бағытталған шара ма деп ойлаймын. Өйткені «қаралы қаңтардың» бүкіл процесіне қараған кезде ол аяқ астынан бола қоймаған.  Осының бәрі алдын ала дайындалған, әрбір жерде лаңкестікке дайындықтан өткен адамдар келген, түрлі қару-жарақ қоймалары жасырылған.

Олар  осындай жағдайдан кейін Мемлекет басшысы билікті ұстап отыруға шамасы келмей,  отставкаға не  шетел асып кетуі мүмкін деген ойда болған сыңайлы. Алайда Президент ешқайда кетпейтінін мәлімдеді. Ел басына күн туған шақта күні-түні халықпен бірге болды. Заңды және дипломатиялық үрдістерді қалай пайдалану керектігін жақсы білді және халыққа сенді. Өйткені бұл тұста Тоқаевтың жеке басының қауіпсіздігіне емес,  тәуелсіздікке қауіп төнген болатын. Көреген дипломат, білікті басшы ретінде Қасым-Жомарт Кемелұлы мұны халыққа да түсіндіре, ұғындыра білді. Шындығында кез келген халыққа тәуелсіздіктен қадірлі, тәуелсіздіктен қымбат не бар? 

Осындай кезеңде Президент «Жаңа Қазақстан» бағдарламасын  ұсынды. Ол басқа Қазақстанның емес, елдің бүгінгі даму мәселелерін қамтыған. Қасым-Жомарт Кемелұлы билікке келген күннен бастап естуші мемлекет идеясын көтеріп, тек қана экономика саласында емес, руханият саласында, саяси жүйеде өзгерістер енгізуге бағыт-бағдар беріп жатыр. Ауыл әкімдерінің сайлауы өтті. Болашақта аудан, қала, облыс әкімдері де сайланады деп ойлаймын. Президент халықтан ештеңені жасырған жоқ. Кезінде шетел асып кеткен қаржыны қайтару мәселесін де көтеріп жатыр. Билік пен халықтың арасындағы жаңа тұрпатты қарым-қатынас құрылуда. Наурыздың ортасында халыққа жолдау арнағалы отырған Мемлекет басшысы бұл мәселелерге терең талдау жасайды деп ойлаймын.  

Қазір қоғамдық ұйымдар орын алған жағдайға байланысты өздерінің ой-пікірлерін айтып жатыр. Олар жинақталып, Мемлекет басшсының болашақ жолдауларына, реформаларына бағыт-бағдар болары анық. Бұл процесс енді тоқтамайды. Реформалау жұмысы алдағы уақытта да жалғасатынын Президент Қ.Тоқаевтың өзі де айтты.

Қазір билік толықтай Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолына көшті. Негізінде, Тоқаев істің де, сөздің де адамы. Мысалы, «Сындарлы қоғамдық диалог - Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеу негізі» атты Жолдауында халыққа берген уәделерімді міндетті түрде орындаймын деген болатын. Мамндардың айтуынша, Президенттің қоғамдық пікірді тыңдай білуі және қоғамның әртүрлі топтарының сұраныстарына тез арада жауап беруі оның мобильдік қасиетін көрсетеді. Ол халық пен биліктің біртұтас екендігінің көрінісі ретінде жақсы қабылданып жатыр. Биліктің халыққа жасаған ең жақсы қамқорлығы оның әлеуметтік жағдайына көмек көрсетуді назарда ұстауы болып отыр. Экономикалық қиын кезеңде халықтың тұрғын-үй мәселесі мен денсаулығын түзету үшін зейнетақы жинақтау қорындағы жинақтың бір бөлігін пайдалануына мүмкіндіктің берілуі ұтымды шара ретінде қабылданды.  

Жалпы «Жаңа Қазақстан» бағдарламасы – экономикасы  мықты, идеологиясы жарасқан, ұлттық бірлігі қалыптасқан,  бүкіл халықтың басын біріктіретін біртекті мемлекет құруды көздейді. Яғни Қазақстан халқы Қазақстан Республикасы Президентінің жанына топтасуы керек. Болашақта көтерілетін мәселелерге атсалысуы қажет. Елді реформалауды жан-жаққа тартпай, осы  идеологияға халықтық консенсуқа келу керек. Ол біздің болашағымыздың кепілі. 

Уәллихан ҚАЛИЖАН

ҚР ҰҒА академигі, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары