Кәмелетке толмаған баланы сексуалды құлдыққа сатты деген күдіктіні Бахрейннен Қазақстанға әкелді.
Кәмелетке толмаған баланы сексуалдық құлдыққа сатты деген күдікті әйел Бахрейннен Қазақстанға әкелінді, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының баспасөз қызметі.
Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы мен Ішкі істер министрлігінің қызметкерлері Бахрейн Корольдігінен 1989 жылы туған Қазақстан Республикасының азаматын экстрадициялады. Ол кәмелетке толмаған Қазақстан Республикасының азаматын Бахрейн Корольдігінде жыныстық қанау мақсатында сатты деген күдікке ілінген. Қылмыс жасағаннан кейін күдікті қылмыстық қудалау органдарынан қашып, халықаралық іздеуге жарияланған.
Қазақстан мен Бахрейн Корольдігі арасында іздеуде жүрген адамдарды экстрадициялау туралы келісім болмаған жағдайда, Бахрейн тарапымен күдіктіні экстрадициялау туралы келісімге Бас прокуратура халықаралық құқықтағы өзара қарым-қатынас принципі негізінде қол жеткізгені атап өтілді.
«Қазір күдікті Нұр-Сұлтан қаласының уақытша ұстау изоляторына қамалды. Айта кетейік, осы қылмысты жасауға қатысы бар бірқатар тұлғалар бұрын ұзақ мерзімге бас бостандығынан айырылған болатын», - деп толықтырды қадағалау органы.
Sn.kz порталының басқа да маңызды жаңалықтарын Instagram, Telеgram, facebook, twitter және vk секілді әлеуметтік желідегі парақшаларымыздан оқи аласыздар.