Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев 22 ақпан күні ақпарат құралдарына берген сұхбатында "елде утилизация алымына байланысты көлік арзандайды" деген болжамды жоққа шығарды .
– Халық утилизация алымын алып тастаса немесе азайтса, көлік арзандайды деп ойлап отыр. Статистикаға қарайықшы. Мысалы, өзімізде шыққан көліктерге бір тиын утилизация алымы төленбейді. Былтыр 105 мың жеңіл көлік сатылса, 64 пайызы отандық өнімдер. Оларға утилизация алымы төленген жоқ. Трактор бойынша 89 пайызы – өз өніміміз, автобустардың 74 пайызы өзімізде шығарылған. Яғни утилизация алымын азайтса да, көбейтсе де олардың бағасы сол күйінде қалады. Ал шетелден келетін [көліктер] бағасы да арзандамайды деп ойлаймын. Себебі олар (өндірушілер мен сатушылар – ред.) ертеңгі күні бағаны түсіретінін біліп, бағасын кемітпейді. Тек олардың өз қалтасына түсетін ақша көбейер, ал бағасы сол күйінше қалады, - деді министр.
Қаңтар оқиғасынан кейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев утилизация алымын жинаумен жеке компания емес, мемлекеттік орган айналысуы керек деп мәлімдеп, экс-президенттің кіші қызы Әлия Назарбаевамен байланысты "Оператор РОП" компаниясын жабуды тапсырған. Артынша оның функциясы "Жасыл даму" акционерлік қоғамына жүктеліп, ақпан айының басында утилизация алымын қабылдай бастаған.
26 қаңтарда "Оператор РОП" компаниясының төрағасы Медет Құмарғалиевтің "жемқорлық" бойынша ұсталғаны белгілі болды.
Елде былтырдан бері утилизация алымын азайтуды немесе мүлде алып тастауды талап еткен жүргізушілер наразылығы көбейген шақта индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі қаңтарда утилизация алымын жаңа әдіс бойынша есептейтінін хабарлаған. 22 ақпанда экология министрі Серікқали Брекешов оның көлемі 23 ақпанда белгілі болады деп мәлімдеді.
Sn.kz порталының басқа да маңызды жаңалықтарын Instagram, Telеgram, facebook, twitter және vk секілді әлеуметтік желідегі парақшаларымыздан оқи аласыздар.