23.02.2022, 16:40

«Утильалым шаралары отандық автонарықты ескі автокөліктермен толтырмауға септеседі» – сарапшы

Фото: ашық дереккөз
Қазір де, бұған дейін де утильалым ең алдымен, ескі және техникалық регламентке сәйкес келмейтін, заңсыз тасымалданған автокөліктердің ағынын тежеуге бағытталған.

Бүгін ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр автокөлік және ауыл шаруашылығы техникасына кәдеге жарату алымы 50 пайызға дейін төмендетілетіні туралы мәлім етті. Ол сонымен қатар, ол сонымен қатар, «ӨКМ Операторында» жиналған қаражатқа қатысты 220 млрд теңге біздің азаматтарымыздың игілігіне жұмсалуы керек екенін айтты. Осыған орай «KAN TRADING» ЖШС жетекшісі Арман Қалиев пікір білдірді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпараттық порталы. 

«Бүгін утильалымы бойынша жаңа мөлшерлеме көлемі айтылды. Бұл шешімге Үкімет түсіністікпен қарап отыр. Қазір де, бұған дейін де утильалым ең алдымен, ескі және техникалық регламентке сәйкес келмейтін, заңсыз тасымалданған автокөліктердің ағынын тежеуге бағытталған. Ресей Федерациясы тәжірибесінде электронды құжат жүйесі енгізілген, біз де қазір осы бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Жуырда ғана Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осы мәселені көтеріп, Үкіметке тиісті ұсыныс қабылдауды тапсырған еді. Бүгін көріп отырғанымыздай, мәселе халықтың игіліне орай оң шешімін тапқандай. Әрине, автосалондар үшін біршама салмақ болуы мүмкін. Дегенмен, экономикаға, отандық нарыққа тиімділігі жоғары болмақ. Жалпы айтқанда, бұл шаралар біздің автонарықты ескі автокөліктермен толтырмауға септеседі», - деді ол.

Тағы оқыңыз: Утильалым мөлшерлемесі жарияланды

Естеріңізге сала кетсек, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев таяуда Үкіметтің кеңейтілген отырысында утильалым төңірегіндегі дауға қатысты тапсырма берген болатын.

«Қазақстанда халықаралық жүк тасымалына 7,5 мың тіркемелі көліктер жұмыс істейді. Ресейдің халықаралық тасымалында 34 мың, Белаурь елінде 15 мың, Өзбекстанда 8 мың көлік қатысуда. Отандық кәсіпорындар нарықта орнын жоғалтуда. Көршілерімізден ұтылып жатырмыз деген сөз. 2017 жылдан бері отандық тасымалдаушылардың халықаралық тасымал нарығындағы үлесі 1,5 еседен астам қысқарған. Сондықтан, Үкіметке бұл саладағы саясатты жетілдіру, оның ішінде утильалым бойынша ұсыныс дайындау керек», - деген еді Қасым-Жомарт Тоқаев.