«Маугли балаларды» Нұр-Сұлтандағы «Ана мен бала» орталығына жіберу жоспарланып отыр, деп хабарлайды Zakon.kz.
Екібастұз қаласы Білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Динара Ахметованың айтуынша, қазір екібастұздық төрт баланың жағдайы дәрігерлер бақылауында. Ата-ана құқығын шектеу туралы өтініш әзірше берілмейді. Динара Ахметованың сөзінше, балалар толық тексеруден өтіп, емделуі керек.
Бұған қоса, мүгедектікті ресімдеу керек. Егер қазір төрт баланың әке-шешесі ата-ана құқығынан айырылатын болса, балалардың денсаулығына кедергі болады. Бірінші кезекте басты міндет – балалардың денсаулығын жақсарту, мүгедектікті ресімдеу. Оларды Нұр-Сұлтандағы «Ана мен бала» орталығына жіберу жоспарланып отыр. Сондықтан қасында анасы болып, балаларға қамқорлық жасауы керек. Мәселені кеше Павлодардағы ауруханамен талқыладық, - деді Динара Ахметова.
Екібастұз қаласы Білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы атаулы әлеуметтік көмек ресімдеу мәселесі Әлеуметтік қорғау бөліміне тапсырылғанын жеткізді. Сонымен қатар
Бұл отбасыда тұрғылықты жері бойынша тіркеу мәселесі бар. Олар Екібастұзға оралмауы да мүмкін. Сондықтан олардың тіркеу орнын анықтап, АӘК ресімдеу керек. Содан кейін тиісті органдар оларға тұрғын үй алуға кезекке тұруға, барлық әлеуметтік төлемді рәсімдеуге көмектесетіні түсіндірілді. Балалар емделіп жатыр. Оларға дәрі-дәрмек қажет. Сол үшін оларға АӘК рәсімделеді, - деді ол.
Динара Ахметованың сөзінше, балалардың анасы болған оқиға үшін кінәсін мойындайды және енді қайталамауға уәде берген. Дегенмен Білім бөлімі отбасын кез келген жағдайда бақылауда ұстаймыз деп отыр.
Дәрігерлер ұсынған мәлімет бойынша, балаларға ақуыз жеткіліксіз. Бұл генетикалық жағынан болуы мүмкін. Қазір бүлдіршіндер барлық тексерулерден өтіп жатыр. Әзірше олар тек COVID-19 бен пневмониядан емделген. Бүгін бүлдіршіндер Павлодар облыстық балалар ауруханасының соматикалық корпусына ауыстырылады. ПТР сараптамасы теріс нәтиже көрсеткен. Әрі қарай ем алу соматикалық стационар жағдайында жалғасады.
Еске сала кетейік, Екібастұздағы пәтерлердің бірінен еріктілер 2014, 2016, 2017 және 2018 жылы туған төрт баланы тапқан еді. Қазір олар ауруханада. Бірқатар жауапты тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Екібастұз қаласының әкімдігінің мәліметінше, балалардың анасы 1994 жылы туған. Ал балалардың әкесі жұмыс істемейді.