Украинадағы қазақстандықтардың алғашқы легі бүгін жеткізіледі, деп хабарлады ҚР Сыртқы істер министрлігі.
Мемлекет басшылығының шешімімен Украинадағы қазақстандықтар репатриациялық рейстермен өтеусіз негізде елге жеткізіледі.
"Бүгінгі күні эвакуациялауға көмек көрсету туралы 528 өтініш келіп түсті. Қазақстан азаматтары негізінен Украинаның келесі өңірлерінде тұрады: Киев қаласы мен Киев облысында - 264 адам, Одесса облысында - 30, Харьков облысында - 18, Львов облысында - 17, Днепропетровск облысында - 13, Полтава облысында - 7, Черкасск облысында - 4, Луганск облысында – 2, Ивано-Франковск облысында – 2, Житомир облысында – 2 адам", - деп хабарлады министрлік.
Түнде біздің азаматтар автокөлікпен қазақстандық дипломаттармен бірге Киев және Львов қалаларынан Польшаның шекарасына қарай жолға шықты.
"Варшавадағы біздің елшілік жергілікті билікпен бірлесіп, Қазақстан азаматтары үшін шекарадан Катовице қаласының (Польша) әуежайына жету үшін "жасыл дәліз" қамтамасыз етеді. Репатриациялық рейстің жолаушылары Украина-Польша шекарасын кедергісіз (визасыз) кесіп өтеді, сондай-ақ міндетті карантиннен, ПТР тесттерін тапсырудан және вакцинация паспорттарын ұсынудан босатылады", - делінген хабарламада.
Алғашқы репатриациялық рейс 26 ақпанда таңертең ұшады. Ұшақ Катовице қаласының әуежайынан шығып, Атырау қаласына техникалық қонғаннан кейін Алматы қаласына ұшып жетуге тиіс.
"Алдағы уақытта басқа да репатриациялық рейстер ұйымдастырылады. Осыған байланысты Украинаның әртүрлі қалаларындағы қазақстандықтардан Қазақстан Республикасының Киевтегі елшілігіне хабарласуды және өзінің орналасқан жері туралы хабарлауды сұраймыз. Мүмкіндік болған жағдайда, Польша шекарасына дейін ұйымдасқан түрде жету үшін Львов немесе Киев қалаларына өз бетімен баруды ұсынамыз"- дейді СІМ.
Жол-көлік жағдайының күрделі болуына және Украинадағы әскери әрекеттердің жалғасуына байланысты бұл қиындық тудыруы мүмкін.
"Мұндай жағдайда өздеріңіз орналасқан мекендерде қалуды, ҚР елшілігімен және құрметті консулдықтарымен үнемі байланыста болуды сұраймыз. Жағдай анықталғаннан кейін біздің азаматтарға барлық қажетті көмек көрсетіледі", - деп хабарлады сыртқы істер министрлігі.
Sn.kz порталының басқа да маңызды жаңалықтарын Instagram, Telеgram, facebook, twitter және vk секілді әлеуметтік желідегі парақшаларымыздан оқи аласыздар.