01.03.2022, 11:00

Жаңаөзенде жедел жәрдем қызметкерлері жұмыс істеуден бас тартты

Олар жалақыларын 300-400 мың теңгеге дейін арттыруды талап етуде.

Жаңаөзенде жедел жәрдем станциясы қызметкерлерінің бір бөлігі наразылық ретінде жұмысқа шығудан бас тартты, деп хабарлайды Lada.kz.

120 мыңға жуық адам тұратын қалада тек екі медициналық бригада жұмыс істейді. Фельдшерлер мен медициналық персонал жалақыны 300-400 мың теңгеге дейін арттыруды талап етуде. Сонымен қатар, олар  мынадай талаптар қойды:

қалалық әкімдіктің басшылығымен жұмыс істеу, сондай-ақ өз бастықтарын таңдау мүмкіндігіне қол жеткізу; мерекелерге орай сыйлықақымен ынталандыру; санаторийлер мен балалар лагерлеріне жолдамаларды қарастыратын әлеуметтік пакет құру.

Наразылық білдірушілердің айтуынша, олардың талаптарын ешкім орындамаған. Сондықтан жедел жәрдем станциясы қызметкерлерінің негізгі бөлігі 24 ақпаннан бастап жұмысты тоқтатқан.

Маңғыстау облысының Денсаулық сақтау басқармасы Жаңаөзен жедел жәрдем станциясы қызметкерлерінің талаптарына жауап берді. Ведомствода хабарлағандай, қаладағы жедел жәрдем жүргізушілері орта есеппен айына 145 мың теңге, фельдшерлер –174 мың теңге, санитарлар – 97 мың теңге табады. Олардың талаптарын орындау және жалақысын 400 мың теңгеге дейін көтеру мүмкін емес.

"Жұмыс беруші мемлекеттік мерекелер –  Наурыз мейрамы, Тәуелсіздік күні қарсаңында, сондай-ақ медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай 1 ЕТЖ (60 мың теңге) мөлшерінде төлем белгілеу жөніндегі талапты қанағаттандырды. Сондай-ақ, жұмыс беруші жедел жәрдем қызметкерлерінің жалақысына сараланған қосымша ақы белгілеуді ұсынды. Дәрігерлерге, фельдшерлерге және жүргізушілерге үстемақы 40 мың теңгені, санитарларға — 20 мың теңгені, басқа қызметкерлерге — 30 мың теңгені құрайды. Басқа аудандар мен Ақтау қаласының жедел жәрдем қызметкерлері бұл шешімге қанағаттанды. Жаңаөзен қызметкерлері келіспей, жалақысын 300 000 — 400 000 теңгеге дейін көтеруді талап етіп отыр", - деп түсіндірді Маңғыстау облысының Денсаулық сақтау басқармасы.

Басқарманың мәліметінше, Жаңаөзенде жедел жәрдем шақыруларына қалалық емханалардың мобильді бригадалары жұмылдырылған. Ведомство дәрігерлердің ереуілін заңсыз деп атады.