02.03.2022, 15:00

Теңгенің құлдырауына байланысты жалақының өсетіні рас па?

Sputnik.kz
2 наурызда Қазақстан қор биржасынының мәліметіне сәйкес, таңертеңгілік сауда-саттықтың нәтижесі бойынша доллардың орташа бағамы 492,21 теңге болды.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов доллардың қымбаттауы мен инфляцияға байланысты қазақстандықтардың жалақысы өсе ме деген сұраққа жауап берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Ол қазақстандықтардың табысын арттыру мәселесі мемлекет басшысының тікелей тапсырмасы екенін атап өтті.

"Қазір біздің министрлік жергілікті атқарушы органдармен, кәсіпорындармен жұмыс істеп жатыр. Кімнің айлығы медиандық жалақыдан төмен екеніне талдау жүргізіп жатырмыз. Елімізде медиандық жалақы 157 мың теңгені құрайды. Жұмыс берушілер өз қызметкерлерінің мұң-мұқтажын түсініп, қолдау көрсетуі керек", - деді Шәпкенов мәжіліс кулуарында.

Айтуынша, ведомство осы мәселеге қатысты ұлттық экономика министрлігімен бірлесіп жұмыс істеп жатыр.

"Біз қазір ұлттық экономика министрлігіндегі әріптестермен экономикамыз қандай сценарий бойынша жүретінін талқылап жатырмыз. Осыдан кейін белгілі бір тұжырымдар жасалады", - деді министр.

Айта кетері, Украинадағы жағдайдың ушығуына байланысты теңге бағамы әжептәуір төмендеп кетті.

2 наурызда Қазақстан қор биржасынының мәліметіне сәйкес, таңертеңгілік сауда-саттықтың нәтижесі бойынша доллардың орташа бағамы 492,21 теңге болды.  

 

Тегтер: жалақы теңге