08.03.2022, 22:30

Биліктегі әйелдер қызметте қалай өскен?

Коллаж: ulysmedia.kz
Парламентте жастар мен әйелдердің үлесі артқаны рас.

Қазақстанда белгілі бір күндері ғана қозғалататын тақырыптар тізбегіне гендердік теңдік, әйел құқығы мәселелері де жатады. Әдетте 8 наурызда көтеріледі немесе елде әйелдерге қатысты жантүршігерлік оқиғалар болса, қоғам қызуы бір көтеріліп басылады. Арамызда әйел теңдігі дегенге тіксіне қарайтындар көбірек. Қазақ әйелдері феминистерді еркекке қарсы санайтын, белсенді әйелдерді жақтыра бермейтін патриархалды қоғамда тырмысып өмір сүріп жүр. Ulysmedia.kz бұдан тыс шынайы бәсеке жағдайында әйел әлеуетіне кесірін тигізіп жататын «протеже» түсінігі туралы сөз қозғамақ.  

2020 жылы Парламент сайлауы алдында Президент Қ.Тоқаев алғаш рет партия­лық тізімге әйелдер мен жас­тар үшін 30 пайыздық квота енгізуді тапсырды. Ресми жиындардың бірінде президенттің өзі мемлекеттік компанияларды басқарудағы әйелдердің үлесі төмен екенін айтты. Қазір ол - 5-7 пайыз төңірегінде. Бұл жағдай мемлекет халқының жартысынан көбін құрайтын әйелдердің әлеуетін толық іске асыруға мүмкіндік бермейді.

Президент мемлекет қатысатын компаниялардың басқару органдарында әйелдердің үлесін 30 пайызға дейін ұлғайту туралы міндетті норманы енгізуге ұсыныс жасаған. Бұл қадам елге не үшін керектігін де айтты.

«Біз бұл бастаманы кезең-кезеңімен жүзеге асыру туралы ойлануымыз керек деп санаймын. Бұл бизнес саласын әйелдер үшін тартымды етеді және мамандандырылған халықаралық рейтингтердегі Қазақстанның позициясын көтереді», - деді Тоқаев.

Квотадан кейін Парламентте жастар мен әйелдердің үлесі артқаны рас. Бүгінде Мәжілістегі әйелдер үлесі 26,5 % (98 адамның 26-сы ), Сенатта 18,75%-ды (48 адамның 9-ы) құрайды.

Жергілікті маслихаттарда әйелдер саны - 30,5% құрайды.

2021 жылғы қаңтардағы сайлау қорытындысы бойынша облыстық маслихаттардағы әйелдер саны 15-тен 27%, қалалық маслихаттарда – 23-тен 29%, аудандық маслихаттарда 23-тен 32% жетті.

Тоқаевтың тағы бір бастамасы, Президент жанындағы мемлекеттік кадр резерві десек, бұл бағытта гендердік теңдік туралы айту әлі ертерек. Мәселен былтырғы іріктеуден соң, 17 ер адам саяси лауазымға тағайындалған. Сонымен қоса, мемлекеттік қызметтің маңызды элементі саналатын «А» корпусы қызметтеріне өңкей ер адамдар барған. Резервке іріктелгендердің арасында 36 әйел бар, бұл жалпы көрсеткіштің 12 пайызы ғана.

Әрине, Тоқаевтың жыныстық дискриминацияға жол бермеу, саясатта, экономикада әйелдердің әлуетін барынша қолдану туралы бастамасы құптарлық дүние.

Алайда мейлі еркек, мейлі әйел болсын билік баспалдағында меритократия қатаң сақталуы керек. Әйтпеген жағдайда қоғамда әйелдердің іскерлігіне, әлеуетіне күмән келтіретін, тіпті әйелдерді жек көріншіті ететін жағдайлар орын алуы мүмкін.

Жақында Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының орынбасары Айнұр Серғазиеваның тағайындалғанын еске түсірсек. Журналистер геолокация, Инстаграм арқылы  Серғазиеваның бастығымен бірге шетелдерде бір күнде іссапрада жүрген фотосуреттерін әшкерелеп, су жаңа шенеунікті  «тоқал» деп айыптады. Айнұрдың 2-3 млн теңгеге сөмке алатыны, люкс сатататын дүкендерді жиі жағалайтыны өз алдына бөлек тарап жатты.

Бұл бір ғана Серғазиеваның кейсі. Қазіргі қисынға салсақ мұндай «факап» Тоқаев айтқандай шешім қабылдауға ықпал ететін лауазымды орынға лайықты барша қазақ әйелдерінің беделіне сын.

Әйелдердің билікке келуін құптайтындар үнемі жемқорлық мәселесін алға тартып, олар мұндай қылмысқа бара бермейтінін айтады. Статистика да әйелдер жағында деуге болады.

2019-2021 ж.ж сот актілер банкінде жарияланған сыбайлас жемқорлық істеріне жасалған талдау, Қазақстанда сыбайлас жемқорлық қылмыстардың 83% ер адамдар жасағанын көрсетті. Сәйкесінше 17% әйелдерге тиеслі. Мүмкін бұл шешуші лауазымда әйелдер саны әлі де аз болуына байланысты.  

Бір жылдары Қазақстанда әйел «президент» болуы мүмкін деген қауесет тарады. Бұл Дариға Назарбаеваның есімімен байланысты. Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қызы Сенат төрағасы болып, елдегі «екінші» адам атанғанда Парламенттік Республикаға айналу ықтималдығын болжағандар болды.

Сонымен, билік басындағы әйелдер кімдер? Олар да Дариға секілді бір-бір ықпалды адамның «протежелері» ме? Жалпы, Қазақстанда жоғары лауазымды қызметтерге тірегі барлар ғана тағайындала ма?

Гүлшара Әбдіхалықова – Қызылорда облысының тумасы. Жамбыл жеңіл және тамақ өнеркәсібі технологиялық институтын экономист мамандығы бойынша аяқтаған. Ұзақ жылдар әлеуметтік қорғау саласында қызмет етті. Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі болды. 13 жыл Президент жанындағы әйелдер ісі комиссиясын басқарды. Қазір Қызылорда облысының әкімі.

Гүлшара Әбдіхалықоваға кезінде қолдау көрсеткен  жерлесі Бердібек Сапарбаев екені айтылады. Бұл қаншалықты рас екені белгісіз. 2007-2009 жылдары бірі министр бірі орынбасары болғанын ескеремесең, басқа жерде қызмет жолдары қиыспаған.

Мадина Әбілқасымова -  Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы. Негізінен экономика саласында жұмыс істеп келеді. Вице-министр болды. Мәдина Әбілқасымова еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі болған тұста астанда 5 қыз тірідей жанып кетті. Бұл оқиға аналардың толқуына әкелді. Ақырында мемлекет көпбалалы отбасыларға қатысты өз саясатын өзгертуге мәжбүр болды. Әбілқасымова бүтін халық қара жамылып отырғанда, қымбат бренд кәстөм киіп Forbes журналының мұқабасына шықты. Салдарынан қатты сынға ұшырады.

Ол әлеуметтік қорғау саласында ұзақ бөгелмеді. Экономика министрлігінде, Ұлттық банкте лауазымды қызметтер атқарды. Әбілқасымованың әкесі 2000 жылдары екі бірдей шақырылымда депутат болған белгілі саясаткер – Ерасыл Әбілқасымов. Қиын күндері Мәдинаға қол ұшын созған Ерболат Досаев екені түсінікті.

Ләззат Рамазанова – Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасы, Мәжіліс депутаты. Алматыдағы Қазақ мемлекеттік әлем тілдері университетін тәмамдаған. Тұрмыста, төр баласы бар.

Еңбек жолын қаржы саласынан бастаған. Қаржы министрлігінде комитет төрағасының орынбасары болған. «Атамекен» ҰКП Төрағасының орынбасары болған тұста қоғамға таныла бастады. Бір қызығы Рамазанованың күйеуі Елдос Рамазанов ұзақ жылдар мұнай саласында қызмет істеген, кәсіпкерлер палатасында Төраға орынбасары болып, кейін орнына әйелін қалдырып кеткенге ұқсайды. Рамазановтар отбасы Тимур Құлыбаевтың қолдауын көргені анық. Мұнай саласы мен палатадағы қызметтері соның айғағы.  

Ләззат Ибрагимова – «Отбасы» банкінің Басқарма төрағасы. Ақмола ауыл шаруашылығы институтын тәмамдаған. Тұрмыста, үш баласы бар. Қаржы саласында қызмет етіп келеді. Өсу жолы «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының директоры орынбасарынан басталып, әрі қарай қаржы-банк саласында шешуші позицияларда жалғасқан.

Ибрагимова жұмыста ашықтық принципін ұстануға барынша тырасады. Әсіресе Фейсбукте белсенді. Дереккөз оның белгілі саясаткер Бақытжан Сағынтаевтың көмегімен көтерілгенін айтады.   

Ажар Ғинаят – Денсаулық сақтау министрі. Ақтөбе мемлекеттік медицина институтын тәмамдаған. Үкіметтегі жалғыз әйел министр. Қызметке тағайындалған күні 53 жастағы министрдің жап-жас көрінетіні көпшілікті таңқалдырды. Өмір бойы медицина саласында қызмет еткен ол пандемия кезінде ашыла түсті.

Күнделікті брифинг барысында індет туралы қазақ тілінде ақпарат беретін осы Ажар Ғинаят болатын.  Дереккөз оны еңбекқор, ықтиятты қызметкер ретінде сипаттайды.

Малика Бектұрова - «Green Mine» компаниясының басқарма төрағасы. «Green Mine» - техногенді минералдық қалдықтарды қайта өңдейтін компания. Малика Бектұрова – Парламент сенатының экс-депутаты Ерлан Нығматуллиннің қызы. АҚШ-тағы Кентукки, Корей даму институтын бітірген.

Әр жылдары қаржы, индустрия және сауда министрлігінде әртүрлі қызметтер атқарған. 2016 жылы Астана әкімінің орынбасары қызметіне тағайындалған.

Тізімде қызметте жүріп танымал болған ханымдарды қамтуға тырыстық. Әйелдер патриархалды қоғам түсінігін бұзып-жарып елге лайықты қызмет етуі үшін, жоғарыда йтылған ойға қайта ораламыз. Меритократия қағидаттары қатаң сақталған жағдайда ғана, қазақ әйелі өзіне таңылған стеротиптерден арыла алады. Әзірге Қазақстанда «протежелер» жайлы мысалдар жеткілікті. 

Ulysmedia.kz

Sn.kz порталының басқа да маңызды жаңалықтарын InstagramTelеgramfacebooktwitter және vk секілді әлеуметтік желідегі парақшаларымыздан оқи аласыздар.