09.03.2022, 21:32

«Қазақстандық дипломаттар 731 ҚР азаматына Украинадан шығуға қолғабыс етті» - ҚР СІМ

Оның ішінде 662 адам Польшаға, қалғандары Молдова, Румыния, Мажарстан мен Словакияға шығып кетті.

Бүгінгі таңда қазақстандық дипломаттар 731 ҚР азаматына Украинадан шығуға қолғабыс көрсетті. Оның ішінде 662 адам Польшаға, қалғандары Молдова, Румыния, Мажарстан мен Словакияға шығып кетті.

ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа қарағанда, биылғы жылдың 9 наурызында Нұр-Сұлтан уақыты бойынша сағат 16:02-де Атырау қаласынан Катовице қаласына (Польша) 4-ші эвакуациялық ұшақ ұшып шықты. Бұған дейін үш репатриациялық рейспен Қазақстанға 432 ҚР азаматы жеткізілгені белгілі.

Қазіргі уақытта Катовице қаласында 165 қазақстандық бар. Украина-Польша шекарасын кесіп өту кезегінде ҚР азаматтары жоқ. Львовтағы ҚР Құрметті консулдықтың жанындағы эвакуациялық жинау орнында 11 адам жиналды, ал Харьковта 7 отандасымыз қалып отыр.

Украинадағы ҚР Елшілігінің ақпаратына сәйкес, Мариуполь қаласындағы ҚР азаматтарының жалпы саны 18 адамды құрайды. Электр энергиясы мен телефон жүйелерінің үзілуіне байланысты бүгінгі таңда олармен байланыс орнату мүмкіншілік жоқ. Сумы қаласында 2 Қазақстан азаматы бар, олармен тұрақты байланыстамыз. Аталған азаматтар гуманитарлық дәліздер арқылы эвакуацияланады деп күтілуде, аталған дәліздердің ашылуы Ресей мен Украина тараптарымен талқылануда.

Киев қаласындағы жағдайдың ұшығуына байланысты қазақстандық дипломаттар Львов қаласына уақытша көшірілді және олар ҚР азаматтарына көмек көрсету жұмыстарын штаттық режимде жалғастыруда.

«ҚР дипломаттарының көмегімен 57 қазақстандық ауыр жүк көлігінің 44-і Украина аумағынан шықты, ал қалған 13 автокөліктің жүргізушілеріне жан-жақты көмек көрсетілуде»,-делінген хабарламада.