13.03.2022, 10:20

«Елде қант тапшылығы жоқ» - Сауда министрлігі

"Үш айдан кейін қор таусылады, қант тапшылығы болады» - деген ақпарат шындыққа жанаспайды.

Сауда және интеграция министрлігі бүгінгі таңда Қазақстанда басты азық-түлік тауарларының қоры жеткілікті екенін мәлімдеді.

Алдында Ауылшаруашылығы министрлігі елде қант тапшылығы жоқ екенін мәлімдеген. Көпшілік мұны осы тауар түрінің жақын күндері дүкен сөрелерінен табылмай қалу ықтималдылығының белгісі ретінде қате қабылдап алған секілді.

Сауда және интеграция министрлігі сауда желілері мен тұрақтандыру қорларында бұл әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарының қоры кемі үш айға жеткілікті екенін тағы да қадап айтты.

"Жеткізушілердің географиясын кеңейту және тәуекелдерді төмендету шеңберінде дайын қант өндіру үшін басқа елдерден шикі қант сатып алу жұмысы жүргізілуде: Қазақстанда 2022 жылғы тамыз айының соңына дейін кедендік баждарды төлемей 250 мың тонна қант әкелу мүмкіндігі бар. 

Қант бағасын тұрақты деңгейде ұстап тұру үшін орталық және жергілікті атқарушы органдар сауда объектілерінің «айналым схемасын» пайдалануды және тұрақтандыру қорларынан интервенцияларды қоса алғанда, бірқатар шаралар қабылдайтын болады.

Сонымен қатар қант өндірісі жалғасып жатыр, тоқтамайды! Қор толтырылып отырады. Яғни «үш айдан кейін қор таусылады, қант тапшылығы болады» - деген ақпарат шындыққа жанаспайды. Елдегі қант өндірісінен бөлек, өзге елдерден импорттау мүмкіндігі бар. Сондықтан ажиотажға ерік бермеуге шақырамыз", дейді Сауда және интеграция министрлігі

Қантқа қатысты дүрбелең Ресейдің 2022 жылдың 31 тамызына дейін қант экспортына уақытша тыйым салуымен байланысты туындады.

Тегтер: тапшылық қант