14.03.2022, 22:07

Қазақстанда дүкендер қант бағасын негізсіз көтерсе, қайда хабарлау қажет

Фото: ашық дереккөз
Сауда және интеграция министрлігі сауда комитетінің төрағасы Ержан Қазанбаев Қазақстанда қант тапшылығы болмайтынын мәлімдеді.

Сауда және интеграция министрлігі сауда комитетінің төрағасы Ержан Қазанбаев Қазақстанда қант тапшылығы болмайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

"Бүгінде елімізде қант қорының жеткілікті көлемі бар, елімізде бұл әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарына тапшылық жоқ. Қолда бар қор үнемі толықтырылып отырады, яғни 3 айдан кейін қант қоры таусылып, қант тапшылығы болады деген ақпарат шындыққа сәйкес келмейді", - деді Қазанбаев орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Сонымен бірге, спикер сауда нүктелерінде бағаны көтеру фактілері болған жағдайда қайда жүгінуге болатынын түсіндірді.

"Сауда нүктелерінде бағаны көтеру фактілері анықталса, мынадай кері байланыс арналарына хабарласқан жөн: жергілікті атқарушы органдар (әкімдіктер), ҚР Сауда және интеграциялар министрлігі Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің "e-Tutynushy" сайты, ҚР СИМ Сауда комитеті және ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі", - деді Ержан Қазанбаев.

Сондай-ақ сауда комитетінің төрағасы Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары 0,6%-ға қымбаттағанын айтты. 

Өңірлерде бір апта ішінде бағаның ең жоғары өсуі Маңғыстау облысында, Қостанай және Қызылорда облыстарында тіркелген.