15.03.2022, 01:40

Болат Әбілов Тоқаевқа үндеу жолдады

Болат Әбілов Тоқаевты Елбасы туралы заңды жоюға шақырды.

Саясаткер Болат Әбілов Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жолдады. Ол халық 14 наурызда президент қабылдайтын жаңа саяси реформаларға көп үміт артатынын айтты. Болат Әбілов Тоқаевты Елбасы туралы заңды жоюға шақырды.

«Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, мен сізге біздің елдің президенті ретінде және 30 жылдай таныс болған адам ретінде қайырылып тұрмын» деді Әбілов.

Оның айтуынша, Қазақстан 30 жылдық өтірік пен екіжүзділікті артта қалдырып, жарқын болашақты асыға күтіп отыр.

«Отыз жыл бойы билік бір адамның қолына ғана шоғырланып келді. Сол себепті мұндай билікті бір күнде-ақ құлата салады. Бұдан шығатын қорытында да түсінікті. Мемлекеттің конституциясы ойына келгенін жасайтын бір адамның ғана пайдасы үшін қызмет қылмауы қажет. Қазақстан халқы саяси қудалаулар мен қара күштің көмегімен құрылған биліктен әбден шаршады. Нәтижесінде Назарбаевтың құрған билігі Қазақстанды экономикалық және саяси тығырыққа тіреп кетті» деді саясаткер.

Әбілов Жаңаөзен мен қанды қаңтар оқиғалары біз үшін сабаққа айналу керектігін айтып, Жаңа Қазақстанда қантөгіс болмау керектігін алға тартты.

«Елімізде болған мұндай қырғындарға енді жол беруге болмайды. Сол үшін тұңғыш президент туралы заңды алып тастау қажет. Мұнымен қоса Назарбаевты Елбасы мәртебесінен айыруды дұрыс деп санаймын» деді Болат Әбілов.

Алаш зиялыларының әруақтарының алдында сөз сөйлейсіз

Әбілов Тоқаевқа 16 наурыз күні тек қазақстандықтардың емес, Алаш зиялыларының әруақтарының алдында сөз сөйлейтінін еске салды.

«Қазақ зиялыларының үнемі шындық үшін күресіп келгені және сол жолда адалдықтан аттап кетпегені бізге әрқашан шабыт сыйлауы қажет. Біз ұлт ұстаздарының атын лайықты сақтап қалуымыз керек. Олар бізге «Оян, қазақ!» деп ұрандаған. Қаңтар ұлттық трагедиясы біздің көзімізді ашты. Бізге қазір нақты саяси реформа қажет. «Бір адам және бір дауыс» және бұл – біздің болашаққа деген кілтіміз. Бұл сөзді Нобель сыйлығының иегері Нельсон Мандела айтқан. Және ол бұл сөзін жүзеге асыру үшін 30 жыл өмірін түрмеде өткізді. Біздің егемендігімізге де осынша жыл болды» деді Әбілов.

Оның айтуынша, Қазақстан демократиялық мемлекетте өмір сүруге лайық.

«Қасым-Жомарт Кемелұлы, мен сіздің тарихқа Назарбаевтың авторитарлы жүйесін құлатқан реформашы ретінде кіргеніңізді қалаймын. Қазір сіздің қабылдайтын әрбір шешіміңізден Қазақстанның болашағы анықталады. «Мен қазақпын! Мың өліп, мың тірілген» деген Жұбан Молдағалиевтің өлең шумақтары әрбіріміздің санамызда. Менің арманым – алдағы уақытта қатігез кезеңдер енді қайталанып келмесе екен деймін. Мен қазақтың алтын ғасыры қазір орнаса екен деп тілеймін. Сөзсіз бұрынғы Алаш орда азаматтарының да арманы осы болғаны анық. Мен қазақ ретінде осы ұлы арманның орындалуы үшін барымды құрбан етуге даярмын» деп қорытындылады Болат.