$ 494.87  520.65  4.91

«Президенттің жақын туыстары жоғары лауазымдарда тұрмауы керек» деген сөзі - тұтас қазақ қолдайтын шешім» - сарапшы

Бұл сөзді бәріміз күттік. Менің ойымша, бұл шешімге ешкім қарсы келмейді.
Фото: ашық дереккөз
Фото: ашық дереккөз

Кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына кезекті жолдауын жасады. Осы орайда саясаттанушы Самат Нұртаза Президенттің жақын туыстары үшін мемлекеттік саяси қызметшілер мен квазимемлекеттік секторда жетекші лауазымдарды атқаруға заңнамалық тыйым салынады деген ойымен толықтай келісетінін айтты, деп жазады Skifnews.kz ақпараттық порталы.

«Президенттің жақын туыстары үшін мемлекеттік саяси қызметшілер мен квазимемлекеттік секторда жетекші лауазымдарды атқаруға заңнамалық тыйым салынады деген ойымен толықтай келісемін. Себебі, біз 30 жыл бойы бұл қағиданы елемей келдік. Нәтижесінде, президенттің айналасындағы жақын туысқандары ең беделді лауазымдарға ие болып келді. Тоқаевтың болашақ президенттерге айтқан «Президенттің жақын туыстары жоғары лауазымдарда тұрмауы керек», деген аманаты Алтай мен Атырау арасындағы тұтас қазақ қолдайтын шешім. Бұл сөзді бәріміз күттік. Менің ойымша, бұл шешімге ешкім қарсы келмейді», - дейді ол.

Тағы оқыңыз: Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауы (ТОЛЫҚ НҰСҚА)

Саясаттанушы Мемлекет басшысының Сенатта президенттік квотаны 15-тен 10-ға дейін қысқарту туралы шешімі жайындағы ойымен де бөлісті.

«Бұл Президенттің жасаған тағы бір жақсылығы, тіпті, құрбандығы деуге болады. Өзінің квотасын Ассамблеяға бөліп берді. Ассамблея турасында әрине, әңгіме көп. Бірақ, ұлттар арасындағы ынтымақ пен татулық – қауіпсіздік кепілі. Украина-Ресей, Армения-Әзірбайжан, қырғыз-тәжік арасындағы конфликтілерді көріп отырмыз. Айналада осындай дүрбелең болып жатқанда, ұлтаралық қарым-қатынасты сақтау – бұл үлкен стратегиялық маңызы бар дүние. Сондықтан, бұл жолы да Президенттің жасаған қадамын халық болып толық қолдау керек деп есептеймін», - дейді ол.

Самат Нұртаза Президенттің «Реформа жасап жатырмыз» деген атау үшін ғана реформа жасаудың қажеті жоқ деген ойын тілге тиек ете келе, қазір расымен де халыққа көпірме сөз өтпейтін заман екенін жеткізді.

«Отыз жыл бойы айтылып келген керемет жалынды сөзден халық әбден шаршады. Тіпті, Елбасы келіп тұсауын кесіп кеткеннен кейін ашыла салып, бірден жабылып қалған зауыттар да болды. Сөзден іске көшетін заман келді. Қарапайым мысал. Бірер күн бұрын Қайрат Сатыбалдының ұсталғанын көріп, біліп отырмыз. Ал кеше Президент «кім қандай лауазымда отырса да, заңның алдында бәрі бірдей», деді. Осы жолы Тоқаев керісінше жасап жатыр. Алдымен істі орындап алып барып халыққа есеп бергендей айтты. Бұрын алдымен айтылып содан кейін барып істелетін немесе тіпті сол айтылған күйі қала беретін. Қазір басқа тенденция байқалады. Бұған тек қуанамыз. Сондықтан, Қасым-Жомарт Кемелұлындай президентті қазақ болып қолдау керекпіз деп есептеймін», - дейді ол.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары