Жаңалықтар 16.03.2022 сағат 23:49

Жаңаөзенде аумақтық кәсіподақтар бірлестігі құрылады

Кәсіпорындардың дені мұнай саласында сервис көрсететін серіктестіктер.
Жаңаөзенде аумақтық кәсіподақтар бірлестігі құрылады
Бөлісу
Бөлісу
Бөлісу

Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин Маңғыстау облысындағы Жаңаөзен қаласына жұмыс сапары кезінде жергілікті кәсіпорындардағы кәсіподақ белсенділерімен кездесті. Кәсіпорындардың дені мұнай саласында сервис көрсететін серіктестіктер.

ҚР КФ басшылығының жергілікті және бастауыш кәсіподақ ұйымдары төрағаларымен кездесуі жоспарланған бір жарым сағаттың орнына төрт сағатқа созылды. Кәсіподақ жетекшілері кәсіпорындарындағы мәселелер туралы ашық айтып, бірқатар ұсыныстарын берді.

Айтылған мәселелердің қатарында, мұнайсервис компаниялары қызметкерлерінің жалақысын көтеру, жекелеген жұмысберушілердің жұмыскерлер өкілдерімен келіссөздерге барғысы келмеуі, еңбек және кәсіподақ заңнамаларына өзгерістер енгізу қажеттілігі және Жаңаөзен қаласында кәсіподақ белсенділеріне арналған оқу семинарларын өткізу жайы жиі айтылды.
 Кәсіподақ белсенділері ұсынған мәліметке сәйкес, жекелеген жұмысберуші кәсіпорындар жұмыскерлердің мүддесін елемейді.

«ТрубРемЦентр» ЖШС жұмысшылары бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Бақытжан Меретаманов мұндағы жұмыскер мен жұмысберушінің қатынасы әріптестік деп айтуға келмейтінін айтты.

«Жұмысберушімен арада диалог жоқ, олар бізді тыңдауға құлқы жоқ. Жалақыны индексациялау біздің кәсіпорында 2016 жылдан бері жүргізілген жоқ. Кәсіподақ мүшелерінің белсенділігі үшін жұмысберушінің жауабы біржақты - сөгіс берумен, жұмыстан шығарып жіберумен қорқытады», - деді кәсіподақ белсендісі.

Кәсіподақ белсенділерінің айтуынша, жалақыны индексациялау бірқатар мұнайсервис кәсіпорындарында жүргізілмеген.

«Өзенмұнайсервис» ЖШС аумақтық кәсіподақ төрағасы Саламат Серіковтің пікірінше, жергілікті жұмысберушілер мен жұмыскерлер арасында «келіссөз дипломатиясын» жүргізу дағдысы жоқ, салдарынан өндіріс тоқтатылып, адамдар ереуілге шығып кетуі мүмкін.

Оның пікірін «Кезби» ЖШС бастауыш кәсіподақ ұйымының жетекшісі Азамат Жапар қолдады.

«Жұмыскерлерді, жұмысберушілердікеліссөз жүргізу, медиация, конфликтология дағдыларына үйрету керек. Бізге осындай курстар мен семинарлар өткізу қажет», - деді А.Жапар. Ол жиында бас қосқан әріптестері атынан «Біз жергілікті кәсіподақтар іс-қимылын үйлестіру мақсатында біріктіруші құрылым Жаңаөзен кәсіподақтар орталығын құруды ұсынамыз», деді.

ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин жаңаөзендік әріптестерінің бастамасын қолдайтынын жеткізді.

«ҚР Кәсіподақтар федерациясы Жаңаөзен қаласында аумақтық кәсіподақтар бірлестігін құру жөніндегі бастаманы қолдайды, бұл әлеуметтік-еңбек қатынастары мәселелерін әлеуметтік әріптестер тараптарын диалогқа тарту арқылы жергілікті жерде жедел әрі кәсіби түрде шешуге және жаңаөзендік кәсіпорындардағы еңбек жанжалдарының алдын алу алгоритмін әзірлеуге мүмкіндік береді», - деді ҚР Кәсіподақтар федерациясының жетекшісі.

Жиынға қатысушыларға қарата айтқан сөзінде ҚР КФ төрағасы Сатыбалды Дәулеталин Кәсіподақтар федерациясы ең алдымен келіссөздер жүргізуді қолдайтынын жеткізді.

«Көшеге шығып қандай да бір талапты қоюдан бұрын кәсіпорын басшыларымен, билік органдарымен, жұмысберушілер бірлестіктерімен сындарлы диалог құруға тырысып, еңбек және кәсіподақ заңнамаларында қарастырылған барлық мүмкіндіктерді толық қарастырып шығу керек. Ереуіл – ең соңғы шара, ол әрқашан тиімді болып шықпайды», - деді ҚР КФ төрағасы.

«Соңғы кездері «кәсіподақтар тек ереуіл арқылы ғана нәтижеге қол жеткізеді» деген қате түсінік пайда болған. Өйткені ереуіл – көптеген қате пікір тудыратын, талқылауға ілігетін, қоғамдық-саяси дау тудыратын оқиға. Сондықтан оған бармаған жөн», -деп қоса кетті Сатыбалды Дәулеталин.

Оның айтуынша, тәжірибе кәсіподақтардың жұмысберушілермен бірге жүргізген еңбек консультациялары бір ұжым шеңберінде әлеуметтік әріптестікті тиімді дамытуға мүмкіндік беретінін көрсеткен. Мысал ретінде «Қаражанбасмұнай» «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамдарында кәсіподақтар мен жұмысберушілер арасындағы өзара байланысты келтірді.

«Бірлескен консультациялар жүргізу жүйесі еңбек жанжалдарын азайтуға, тараптар арасында ұзаққа созылатын кикілжіңдерді болдырмауға ықпал етеді. Жұмысберушілер кәсіподақтарды қарсыластары емес керісінше әлеуметтік әріптестері деп қабылдауы керек», - деп атап өтті ҚР КФ Төрағасы.

Кәсіподақтар федерациясының мониторинг мәліметтеріне сәйкес 2021 жылы елімізде 79 еңбек жанжалы тіркелген. Әлеуметтік-еңбек даулары салалар бойынша алып қарастырғанда мұнай-газ саласында көп болған, облыстар бойынша қарастырсақ – Маңғыстау облысында 28 жанжал болған.

ҚР КФ талдауы көрсеткендей, еңбеккерлердің көп талаптары мен мәселелері жалақыны көтеруге қатысты, одан кейін еңбекке жағдай жасау және жұмысберушілердің жұмыскерлермен келіссөз жүргізуден бас тартуы секілді мәселелер бар.

Сатыбалды Дәулеталин осыған байланысты ҚР Кәсіподақтар федерациясы қызметінің негізгі бағыттарын атап өтті, ол әлеуметтік әріптестердің өзара қатынастарын жетілдіру, еңбек және кәсіподақ заңнамаларына өзгерістер енгізу және еліміздегі кәсіпорындарда еңбек дауларының алдын алуды қамтиды.

«Біз Үкіметке бірқатар ұсынстарымызды бердік, олардың қатарында еңбекке ақы төлеу жүйесін жетілдіру, оның ішінде жалақыны міндетті индексациялаудың болуы; кәсіподақтардың өндірісті басқаруға қатысуын қамтамасыз ету, оның ішінде міндетті түрде жалақы бойынша келіссөздердің болуы бар. Жұмысберушілердің еңбекке ақы төлеу жүйесін анықтау жөнінде шешім қабылдауы барысында жұмыскерлерге ықпал ету тетіктерін құру мақсатында Федерация Еңбек кодексінің 107-бабын толықтыруды ұсынды. Біз жалақыны төлеу жүйесін анықтайтын актілер жұмыскерлер өкілдерінің пікірін есепке ала отырып жариялануы тиіс деп санаймыз.

Ұжымдық еңбек дауы туындаған кезде жұмыскерлердің талаптар қою рәсімдерін жеңілдету және еңбек қатынастарын мемлекеттік бақылау және қадағалауды күшейту жөнінде ұсыныстар енгізілді», - деп хабарлады Сатыбалды Дәулеталин.

Жұмыскерлер мен жұмысберушілердің құқықтық сауатын арттыру сұрақтарына жауап берген ҚР КФ төрағасы Жаңаөзендегі кәсіпорындардың жұмыскерлері мен жұмысберушілері Халықаралық еңбек ұйымы мен Кәсіподақтар федерациясы бірлесіп таяуда өткізетін семинарларға қатысуын ұсынды.

 

Оқи отырыңыз

загрузка...

Соңғы жаңалықтар

Аптасына бір рет ең танымал мақалалардың дайджесін жібереміз

Қызықты материалдар