Атырау қаласының №2 сотында Атырау облысы әкімінің орынбасары Қайрат Нұрлыбаевқа (бұрын Атырау облысы Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы болып жұмыс жасаған) және «Бұйырғын» ауылшаруашылығы өндірістік кооперативі төрағасының орынбасары Нұрлан Бисембаевқа қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 189-бабының 4-бөлігінің 2) тармағымен қылмыстық іс қаралды.
«Нұрлыбаевқа Атырау облысы ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы бола тұра, өзінің қызмет бабын пайдалана отырып, кооператив төрағасының орынбасары Бисембаевпен адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен, бөтеннің мүлкін ұрлады. Яғни АӨК-ға инвестициялық субсидия беру арқылы 83 700 649 теңге жымқырды, ал, Бисембаевқа көрсетілген соманың жартысы 41 900 000 теңгені иемденген деген айып тағылды», -деп хабарлады облыстық соттың баспасөз қызметі.
Сот талқылауы кезінде ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативіне инвестициялық субсидия 4 траншпен берілгені анықталған. Кооперативтің инвестициялық субсидия беру туралы өтініші және сараптама ұйымының өтінішті мақұлдауы сотталушы Қайрат Нұрлыбаев ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы лауазымына тағайындалғанға дейін, яғни 2019 жылдың мамыр айының соңында алынған. Ал, қалған транштар бойынша өтініштер бұрынғы басқарма басшысының өкімімен құрылған жұмыс тобымен мақұлданған.
«Тергеу мен сотталушылар арасында агроөнеркәсіптік кешен субъектілерін субсидиялау үшін бөлінген ақша қаражатын ұрлауға алдын ала сөз байласудың бар екендігіне дәлелдемелер ұсынылған жоқ. Сотта зерттелген дәлелдемелермен инвестициялық субсидиялар беру туралы өтінішке қоса берілген құжаттардың толықтығы үшін АӨК құжаттарын қабылдаған бөлім басшылары жауапты екені анықталды. Сараптама ұйымы және жұмыс тобымен объектінің өндірістік қуаттарының сәйкестігін тексеру актісі жасақталып, басшы – сотталушы Қ.Нұрлыбаевқа ұсынылған. Соның негізінде ол субсидия беруге арналған шартқа қол қойған.
Сот отырысында жауапталған Ауыл шаруашылығы министрлігінің маманы жұмыс тобы немесе сараптама ұйымымен келісім берілгеннен кейін басқарма басшысы шартқа қол қоюға міндетті екенін, егер қол қоймаған жағдайда ол жауапқа тартылатынын айтып көрсеткен. Сотталушы Н.Бисембаев АӨК-де материалдық жауапты тұлға болып табылмайды. Алғашқы үш субсидияны алу кезеңінде АӨК-де жұмыс жасамаған және құрылтайшысы болмаған. Ол 2020 жылдың 3 тамызында директордың орынбасары болып жұмысқа орналасқан. Яғни үшінші транш субсидиясы алғаннан кейін жұмысқа орналасқан және онымен материалдық жауапкершілік туралы шарт жасалмаған», -деп мәлім етті соттың баспасөз қызметі.
Ауылшаруашылығы өндірістік кооперативі төрағасының өтінішімен ол Атырау қаласында құс фабрикасының қосымша объектілерін салу үшін шаруашылық шотынан алынған, субсидия ретінде түскен ақшалай қаражатқа құрылыс материалдарын сатып алуға көмек көрсеткен. Бұл жағдайды кооператив өкілдері растаған. Сотталушылар инвестициялық қаражатты иемденбеген. Аталған қаражатты ауылшаруашылығы өндірістік кооперативі игерген.
«АӨК-ке тиесілі құс фабрикасы жұмыс істейді. Салықтарды уақтылы төлейді. Аудиторлық тексеру субсидия беру рәсімін анықтағаннан кейін 83 700 649 теңге көлемінде берілген субсидия толығымен бюджетке қайтарылды. Қазіргі уақытта АӨК-нің азаматтық талап бойынша берешегі жоқ. Прокурор Қ.Нұрлыбаевқа 10 жыл, Бисембаевқа 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Жәбірленушінің өкілі келтірілген зиянның толық өтелгенін айтып көрсетті. Сотталушылар мен қорғаушылар қылмыс құрамының болмауына байланысты ақтауды сұрады. Сот сотталушылар Қ.Нұрлыбаев пен Н.Бисембаевтың әрекеттерінде қылмыс құрамының болмауына байланысты оларды кінәсіз деп таныды», -деп хабарлады облыстық соттың баспасөз қызметі.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ. Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда облыс әкімі орынбасарының жемқорлық ісі сотта қаралып жатқаны хабарланған болатын.
Sn.kz порталының басқа да маңызды жаңалықтарын Instagram, Telеgram, facebook, twitter және vk секілді әлеуметтік желідегі парақшаларымыздан оқи аласыздар.