Ресейде тұратын Қазақстан азаматы Антон Бударов саясаткер Тоғжан Қожалыға шүйлікті. Оның пікірінше, Тоғжан Қожалының артында күні кеше қамалған Қайрат Сатыбалды тұрған көрінеді.
Ол қазақстандықтардың Украинаға көмек үшін жинаған қаржысын қалтасына басып алыпты-мыс. Ал Тоғжан Қожалы болса, жазбаларында айтылған жайттардың бәрі шылғи өтірік екенін айтады. Оның айтуынша, Антон Бударов ФСБ-ның адамы болуы әбден мүмкін. Қаралаудағы мақсаты – жала жабу. «Украинаны қолдаушылардың бәрі – алаяқтар, жемқорлар» деген пікір қалыптастырмақ.
«Антон Бударов – бұрынғы қазақстандық. Ол екі жыл бұрын Ресейге кетіп, Санкт-Петербордан бізді қаралап, ойына келгенін жазып жатыр. Ол – Украинаға қарсы, Кремльдің адамы. Сәрсенбі күні біз оны сотқа береміз. Ұжымдық талап-арыз жазамыз. Ол қаралаған тағы да үш-төрт адам бар. Қазірге дейін оның үстінен 274 бап – «жалған мәлімет тарату» бойынша екі сот ісі қозғалып жатыр», – дейді Тоғжан Қожалы.
Саясаткердің айтуынша, бұған дейін бұл азамат Қазақстан полициясын айтпағанда, Салтанат Әшімжан және Дәулет Әбілқасымов секілді азаматтарға көпе-көрнеу жала жапқан. Украинадағы соғысқа қарсы акция өткізгені үшін де жерден алып, жерге салған. Бударов танымал журналист Вадим Борейкоға да шүйліккен. Украинаға қолдау білдіргендер мен национал-патриоттарды нысанаға алып жүр.
«Бізді қаралаудағы мақсаты – жала жабу. Бізге 20 мың адам ақша жіберді. Осыншама адамның ниетін, бейбітшілікті қалаған арман-тілегін жоққа шығаруды көздейді. Біз Украинаға жәрдем қолын созып, қаржы жинап жатырмыз. Бүгін 1 миллион доллардан аса ақшаға тауар сатып алынды. Біз 150 миллион емес, 670 миллион теңге жинадық. Біздің жиналған қаражаттың қайда, қалай жұмсалғанын айғақтайтын чектеріміз, есебіміз бар. Тек қана Каспий банкінің 500-ден аса түбіртегі бар. Мұның бәрін әлеуметтік желілерге жүктеу қисынсыз», – дейді Тоғжан Қожалиева.
Антон Бударов та сөзден қалысар емес. Әлеуметтік желі арқылы: «Чек сұрағаным үшін жазықты болып қалдым. Тоғжан Қожалы мені «ватник, Путиннің уағызшысы, бірнеше қылмыстық істен қашып жүрген адам, орыс болғаным үшін бесінші колонна, сепаратист» деп атай бастады. Бұл тізімге «сиқыршы, еретик, қашқын және мемлекетке опасыздық жасаушы» деген сөздерді де қоса салмай ма?», – деп мысқылдап отыр.
«Алматыда жүрсе, өзім-ақ тауып, орнына қояр едім. Біз сотқа тартсақ, ол өзін «Қазақстанда саяси қуғын көрген адам» ретінде көрсетпек. «Қазақ ұлтшылдары мен Украинаны қолдаған фашистер күн көрсетпеді, қудалады» деп шықпақ.
«Фашист» деген жаладан қорықпаймын. Өйткені, тек қана Алладан қорқамын», – дейді Тоғжан Қожалы.