Энергетика министрлігі Өскемен және Шүлбі ГЭС-тің гидротехникалық құрылыстары жекешелендірілмейтінін және сатылмайтынын мәлімдеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"Өскемен және Шүлбі гидроэлектростанциясының гидротехникалық құрылыстары мемлекет меншігіндегі стратегиялық нысан болып саналады. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес бұл нысандар жекешелендіруге жатпайды, осыған байланысты оларды сату мәселесі қаралмайды", - делінген хабарламада.
Үкімет бұл ГЭС-терді сенімді басқаруға, оның ішінде инвестициялық міндеттемелер жүктелған жағдайда жеке компанияларға беру мәселесін қарастыра алатынын айта кеткен жөн.
"Су электр станцияларының қызметі меншік нысанына қарамастан Қазақстан Республикасының Электр энергетикасы саласындағы заңнамасына және су заңнамасына сәйкес су-шаруашылық баланстарын ескере отырып, Қазақстанның бірыңғай электр энергетикалық жүйесінің жұмыс режимдерін қатаң сақтай отырып реттеледі", - деп толықтырды Энергетика министрлігі.
Ведомство өкілдері Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 4 маусымдағы № 378 "Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" қаулысымен "АЭС Өскемен ГЭС" ЖШС және "АЭС Шүлбі ГЭС" ЖШС Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің қарамағына берілгенін еске салды.
Еске салайық, 2021 жылдың желтоқсанында Шүлбі және Өскемен су электр станцияларын жекешелендіру үшін араб инвесторларымен келіссөздер жүргені туралы ақпарат тараған болатын.
Кейінірек Үкімет Қазақстан мен БАӘ үкіметтерінің басым салалардағы жобаларды дамыту үшін ұзақ мерзімді стратегиялық әріптестік құру туралы бірлескен декларациясын ратификациялау туралы заң жобасын Мәжілістен кері қайтарып алғаны белгілі болды