$ 498.34  519.72  4.85

Маңғыстаулық оқушылар өз мектептерін қысқы баққа айналдырды

Маңғыстау облысы Батыр ауылының оқушылары өз мектептерін қысқы баққа айналдырды деп жазады «Хабар-24».

Оқу орнының дәліздері мен сыныптарында 5 мыңға жуық гүл жайқалып тұр. Балалар өздері егіп, күтімін жасап жүр. «Бұл оқушылардың табиғатты аялап, жан-жақты дамуына септігін тигізеді», - дейді мұғалімдер. 

Бұл биология сабағы емес, 6 сынып оқушысы Бауыржан Меруерттің әдеттегі кезекшілігі. Ауыл мектебінің оқушылары арнайы кесте бойынша кезектесіп, өсімдіктердің күтімін жасайды. Олар гүл өскіндерін өздері отырғызып, оқу жылының аяғына дейін оның өсіп, жетілуін қадағалайды. Ал, балалардың демалысы кезінде бұл шаруаны мектеп қызметкерлері мойнына алады.

Меруерт Бауыржан, оқушы:

- Біз гүлдерді өздеріміз отырғызамыз. Оларға су құямыз. Үлкен мұғалімдер бізге көмектеседі. Және де біз оларды өзіміз отырғызамыз. Біз оларды қорғаймыз. Мұнда үй өсімдіктерінің 148 түрі бар. Құмыраға отырғызылған гүлдер, инкубатор типтес арнайы кабинетте 1 ай тұрады.

Мұнда олар тамырын жайып, бейімделеді. Содан кейін ғана көпшіліктің көзайымы болады. Баспалдақтар, терезенің алды, дәліздер мен сыныптардың барлығы гүлзарға айналған. Идеяның авторы мектеп директоры Құралай Нұрманованың айтуынша, гүлдерге күтім жасау балаларды еңбекке баулып, табиғатты аялауға тәрбиелейді.

Құралай Нұрманова, мектеп директоры:

- Бұл гүлдің оқушыларымыз үшін пайдасы зор. Оқушыларымыз гүлді көргенде сындырмайды, жұлмайды, оған үлкен құрметпен қарайды. Балалардың өздері осы гүлдерді суарады, қарайды, еңбектенеді. Біздің мақсатымыз – балаларды табиғатты сүюге, табиғатты аялауға тәрбиелеу. Мектепте құс бар, балықтың түр-түрі бар. Балаларымыз табиғатты қорғауға үйреніп жатыр.

Осыдан үш жыл бұрын мектеп ашылған кезде, мұнда жасыл желектердің бірі болмаған еді. Қазір 5 мыңға жуығы жайқалып тұр. Мектеп оқушылары мен ұстаздар қауымы мұнымен шектелмей, рекорд орнатпақшы. Олар күніне 20-дан астам өсімдік егіп, жаңа жылға дейін мектеп бағын тағы мың гүлге көбейтпек.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары