Әппақ қардай киіз үйлер, халық билері, ән шашу, дәмді тағамдар: ыстық бауырсақ пен наурыз көже. Алматы облысының тұрғындары пандемиядан кейін араға екі жыл салып әз Наурызды дәл осылай атап өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бұл күні облыс әкімі Қанат Бозымбаев көптің қуанышын бөлісті.
Қалыптасқан дәстүр бойынша барлық негізгі мерекелік іс-шаралар «Жастар»мәдениет және демалыс саябағында өтті.
Сонымен қатар, ҚР Мемлекеттік туының жанындағы алаңда қазақ халқының салт-дәстүрлерімен танысуға болатын ақшаңқан үйлер тігілді.
Сондай-ақ, жастар би, вокалдық композицияларды орындауда өз таланттарын көрсетті, арнайы тақырыпқа суретте салды.
Спорттық сайыстарда өткізіліп мерекенің шырайын аша түсті.
Әсіресе, түйе көтеру сайысы келген көпті таң қалдырды.
Ердің білектісі сынға түскен жарыста Ибрагим Берсанов нар көтеруде жеңіске жетті, бұл оқиға көрермен таңданысын тудырды.
Ал, «Жастар» саябағының орталық алаңында мерекеге әзірлеген мәдени бағдарлама шарықтау шегіне жетті.
Айта кетейік, бұл күні облыс орталығында 2000 литр наурыз көже таратылды. Бұдан басқа, түрлі қайырымдылық акциялары өткізілді.
Мереке күні этно -ауыл салтанат құрды.
Ұлыстың ұлы күнін тойлауға келген халықтың қарасы қалың болды.
Араға екі жыл салып, өткізілген алғашқы думан-тойды тамашалауға келушілердің қуанышында шек жоқ.
Соның бірі - Әлия Кәрімова.
- Біз бұл күнді ұзақ күттік, бүгін немерелеріммен бірге алаңға шығып, наурыз көже ішіп, қазақ дәстүрлерімен танысып, жарыстарға қатыстық, - деді Әлия Кәрімова.
Ел-жұрт асыға күткен әз-Наурыз мерекесі сән-салтанатымен Алматы облысында аталып өтті.
Осылайша, ұлыс оң, ақ мол болсын деген ниетпен келген көп тарқасты.