Павлодар облысында қарлы боран кезінде тас жолдардағы апаттан екі адам қаза тапты, деп хабарлады Stan.kz ақпарат агенттігі.
23 наурызда сағат 23.00 шамасында Омбы-Майқапшағай тас жолының Новоямышево ауылы тұсында Павлодар бағытында келе жатқан “Toyota Camry 20” көлігінің жүргізушісі көріну мүмкіндігі нашар жерде жолдан өтіп бара жатқан 25 жастағы жаяу жүргіншіні қағып кеткен. Жас жігіт алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмды.
Адам өмірін қиған тағы бір оқиға сол күні сағат 18.30-да Павлодар – Ленинский тасжолында болды. Мұнда LADA Priora автокөлігінің 38 жастағы жүргізушісі қарлы боран салдарынан рульді басқара алмай, белгіге соғылып, оқиға орнында көз жұмды.
Сараптама тағайындалды. Екі факті бойынша да тергеу амалдары жүргізілуде.