Алматыда үш ер адам такси жүргізушісін 18 жерінен пышақтап, көлігін айдап кеткен. Қазіргі таңда олар іздестіріліп жатыр.
12 наурызда такси жүргізушісі Аманбек жұмысқа шыққан. Өзінің кезекті тапсырысында ол үш адамды Думан ықшамауданынан Алматы әуежайына қарай алып кеткен. Әуежайға жеткен бойда ер адамдар жүргізушіні сыртқа шығарған.
«Бауырым, артқы дөңгелегің жарылып қалыпты» деді. Ойымда ештеңе жоқ. Көліктен түстім де, артына бардым. Еңкейіп қарадым. Дөңгелегім сап-сау. Басымды көтере бергенде бірден пышақпен ұрды. Ешқандай сөзсіз, ештеңе айтқан жоқ» деді Аманбек Алматы телеарнасына берген сұхбатында деп хабарлайды Skifnews.kz ақпараттық порталы orda.kz.сайтына сілтеме жасап
Ер адамдар Аманбектің денесіне 18 рет пышақпен ұрып, артынша оны өз көлігіне салып, белгісіз жаққа бет алады.
«Пышақты дайындап отырды. Ашығын айтқанда, бауыздамақ болды. Содан бір жерге тоқтады. Мені түсіріп алды, ал менің аяғым жансызданып қалған, далада тастап кетті» дейді зардап шегуші.
Аманбектің әкесі бұл сұмдық туралы тек кешкі 23:00 шамасында естіген. Оған белгісіз адам қоңырау шалып, барлығын айтып берген. Аманбек қоқыс арасынан табылған. Артынша ауруханаға жеткізіліп, оған үш сағат бойы ота жасаған.
«Екі қызы, келіншегі бар. Бәріміздің асыраушымыз. Күнделікті жұмысына барып келеді. Қылтың-сылтыңы жоқ. Үміт күтіп отырған жалғыз ұлым. Менің айтарым, ол жауыздар тезірек табылып, өз жазасын алса екен» дейді жәбірленушінің әкесі Ахмет.