25.03.2022, 16:40

Биыл Рамазан айы 2 сәуірде басталады

Фото: ашық дереккөз
Биыл Рамазан айы 2 сәуірде басталып, 1 мамырда аяқталады. Ораза 30 күн болмақ. 2 мамыр – Ораза айт күні. 27 сәуірден 28 сәуірге қараған түн – Қадір түні.

Елордада Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының төрағалығымен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төралқа мәжілісі өтті, деп хабарлайды Zakon.kz.

Жиынды ашқан ҚМДБ Төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы:

«Санаулы күндерден соң қасиетті Рамазан айы басталады. Мұсылман үмбеті үшін Рамазан – ерекше ай. Мейірім мен кешірімге, сауапқа толы айды әдеттегідей өз деңгейінде өткізуді Алла нәсіп етсін! Осы айда мейлінше қайырымдылық іс-шараларды көбірек атқаруға шақырамын» деді.

Төралқа мәжілісінде наиб мүфти, Шариғат және пәтуа бөлімінің меңгерушісі Сансызбай Құрбанұлы биыл қасиетті Рамазан айы 2 сәуірден басталатынын, Өзбекстан, Қырғызстан мұсылмандары діни басқармасымен кеңесіп, осындай ортақ шешім қабылданғанын атап өтті.

Мәжілісте «Зекет және қайырымдылық» қорының директоры Қанат Қыдырмин қасиетті айда атқарылатын қайырымдылық іс-шаралар туралы Бас мүфтиге баяндады.

Айта кетсек, биыл Рамазан айы 2 сәуірде басталып, 1 мамырда аяқталады. Ораза 30 күн болмақ. 2 мамыр – Ораза айт күні. 27 сәуірден 28 сәуірге қараған түн – Қадір түні.

Sn.kz порталының басқа да маңызды жаңалықтарын InstagramTelеgramfacebooktwitter және vk секілді әлеуметтік желідегі парақшаларымыздан оқи аласыздар.