ҚР Бас прокуратурасы Заманбек Нұрқаділовтің өліміне қатысты қылмыстық істі қайта қарайды, деп хабарлады telegram-арналардың бірі.
Еске салсақ, 2005 жылы 12 қарашада қоғам қайраткері Заманбек Нұрқаділов қайтыс болған. Оған үш рет оқ атылған. Денесі өз үйінде табылған.
Оқтың екеуі жүрек тұсына, бірі басына тиген. Алайда, оның өліміне қатысты қылмыстық іс «өз-өзіне қол жұмсады» деген қорытындымен жабылған.
Бұған дейін, Заманбек Нұрқаділовтің ұлы Қайрат Нұрқаділов 17 жыл бұрын жабылған істі қайта ашып, «халықтың қолдауымен, шындықтың бетін ашамын» деп мәлімдеген.
Алайда, Бас прокуратура Заманбек Нұрқаділовтің ісі бойынша тергеудің қайта жанданғаны туралы ақпаратты жоққа шығарды.
«Әлеуметтік желілерде Бас прокуратураның Заманбек Нұрқаділовтің өліміне қатысты қылмыстық істі тергеуді қайта бастағаны туралы ақпарат тарап жатыр. Бас прокуратура бұл ақпарат шындыққа жанаспайды деп хабарлайды. Қайрат Нұрқаділовтың өтініші департаментте қаралуда» дейді Бас прокурордың ресми арнасында.