28.03.2022, 23:45

Назарбаевтың «енесі» иелік ететін компания миллиард теңгелік тендерді қандай тәсілмен алған?

Ашық конкурсқа бір ғана компания («Тэйлор» ЖШС) қатысқан соң сатып алу өткізілмеді деп есептелген.

Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бейресми әйелі ретінде аталып жүрген балет әртісі Әсел Құрманбаеваның шешесі Гүлбану Құрманбаева мемлекеттен миллиондаған теңгенің тендерін алған. Назарбаевтың «енесі» иелік ететін «Тэйлор» деп аталатын компания мемлекеттік мекемемен құны миллиард теңгеге жуық үш келісімшарт жасасқан. Бұл туралы журналист Мият Кәшібай телеграм арнасына жазды.

НАЗАРБАЕВТЫҢ «ЕНЕСІ» ТЕНДЕРДІ ҚАНДАЙ ТӘСІЛМЕН АЛДЫ?

«Тэйлор» ЖШС – 2016 жылы 13 сәуірде құрылған компания. Бір айдан кейін, яғни, сол жылғы мамырда компания 457 млн теңгеге мемтапсырыс алған. Тапсырыс беруші – Қазақ Ұлттық хореография академиясы.

Келісімшартқа сәйкес, компания академияға түрлі перде жеткізіп беруге міндеттелген.

Бұл тендер тікелей бір көзден сатып алу тәсілі бойынша өткен. Яғни, Хереография академиясы перде жеткізіп беретін компанияны анықтау үшін ашық конкурс өткізбеген, бірден «Тэйлор» ЖШС-ны таңдап алған.

Негізі тендер жеңімпазын аталған тәсіл арқылы анықтау заңға қайшы емес. Бірақ сарапшылар «бұл тәсіл жемқорлық қатерін арттырады» деп есептейді. Өйткені тапсырыс беруші мекеме ашық конкурс жарияламайды. Өзіне ыңғайлы компанияны таңдап алып, сонымен келісімшарт жасасады.

Әдетте тапсырыс беруші тікелей бір көзден сатып алу тәсіліне жүгінгенде тәжірибелі, өз саласында өнімді жұмыс атқарып отырған компанияға басымдылық береді. Ал Қазақ Ұлттық хореография академиясы құны 457 млн теңге болатын мемтапсырысты құрылғанына бір-ақ ай болған «Тэйлор» компаниясына бергеде қандай негізге сүйенгені түсініксіз.

«ТЭЙЛОРДЫҢ» ЕКІНШІ ТЕНДЕРІ

Құрыла сала 457 млн теңгенің тапсырысын конкурссыз алған «Тэйлор» компаниясының кезекті тендері де көп күттірген жоқ. Компания 2016 жылдың 30 маусымында тағы да сол Қазақ Ұлттық хореография академиясымен келісімшарт жасасты. Бұл жолғы тендердің құны – 482 млн теңге.

Келісімшаратқа сәйкес, академия «Тэйлор» ЖШС-дан тоқыма өнімдерін сатып алды.

Бұл тендерде «Өткізілмеген мемлекеттік сатып алу бойынша бір көзден алу тәсілі» қолданылған. Бастапқыда Хореография акдемиясы тоқыма өнімдерін сатып алу үшін ашық конкурс жариялаған. Оған қатысуға түрлі компания өтініш білдіреген. Арасында «Тэйлор» ЖШС-да бар. Бірақ конкурс кезінде комиссия Назарбаевтың енесінің компаниясынан өзгелерінің құжаттарынан олқылық тауып, конкурсқа қатыстырмай тастаған.

Ашық конкурсқа бір ғана компания («Тэйлор» ЖШС) қатысқан соң сатып алу өткізілмеді деп есептелген. Мемлекеттік сатып алу туралы заңға сәйкес, мұндай жағдайда тапсырыс беруші мемекеме (Қазақ Ұлттық Хореография академиясы) өткізілмеген мемлекеттік сатып алу бойынша бір көзден алу тәсілі арқылы конкурсқа қатыстырылған жалғыз компаниямен («Тэйлор» ЖШС) келісімшарт жасасуға құқылы.

Осылайша, «Тэйлор» компаниясы құны жарты миллиардқа жуық тендерді де конкурссыз алды.

Акдемия мен «Тэйлор» ЖШС арасындағы байланыс мұнымен үзілген жоқ. 2016 жылдың желтоқсанында акдемия тағы да Назарбаевтың енесінің компаниясынан перде сатып алды. Бірақ бұл жолғы мемтапсырыстың құны алдыңғы екеуінен анағұрлым төмен (2,5 млн теңге). 

«ТЭЙЛОР» ЖШС ҚАНДАЙ КОМПАНИЯ?

Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өзінен 19 кіші (62 жаста) енесі Гүлбану Құрманбаева  «Тэйлор» компаниясын 2016 жылы 13 сәуірде құрған. Компания астананың Алматы ауданында тіркелген. Құрылған сәтінен бастап басшысы әрі жалғыз құрылтайшысы – Құрманбаеваның өзі. Компания мамандандырылған дүкендерде тоқыма өнімдерін сатумен айналысады.

«Тэйлордың» қазірге дейін қазынаға құйған салық мөлшеріне қарап, ең табысты кезі 2016 жыл екенін аңғаруға болады. Cалық комитетінің мәліметінше, мемлекеттен миллиардқа жуық теңгенің тендерін конкурссыз алған жылы «Тэйлор» ЖШС 107 млн теңге салық төлеген. Ал бір жылдан кейін компанияның салығы бірден 21 есеге азайған (5 млн теңге). Одан кейінгі 4 жылда «Тэйлор» ЖШС төлеген салық мөлшері 2 млн теңгеге де жеткен емес.

ulysmedia.kz

Sn.kz порталының басқа да маңызды жаңалықтарын InstagramTelеgramfacebooktwitter және vk секілді әлеуметтік желідегі парақшаларымыздан оқи аласыздар.