30.03.2022, 07:16

Енді фильмдер тікелей импортталып, қазақ тіліне дубляждалады

Шетелдік фильмдерді әкелу мәселесі пысықталып жатыр.

Қазақстанда шетелдік фильмдерді тікелей әкеліп, қазақ тіліне дубляждау жоспарланып отыр деп хабарлады turkystan.kz. 

Мәдениет және спорт министрлігі Ресейге қатысты санкциялар енгізілмес бұрын барлық шетелдік фильмдер Қазақстанға көрші елдің дистрибьюторлары арқылы тасымалданғанын түсіндірді.

«Кинотеатрларды қолдау және киноконтент тапшылығын болдырмау үшін тікелей прокаттау және шетелдік фильмдерді қазақ тіліне дубляждауды субсидиялау мақсатында Қазақстанға шетелдік фильмдерді әкелу мәселесі пысықталып жатыр. Қазақстанда әлемдік және отандық фильмдердің көрсетілімі үзілген жоқ. Disney студиясының кейбір фильмдерін қоспағанда, фильмдердің көрсетілімi жоспарланған кестеге сәйкес жүзеге асырылады», – деп хабарлады министрлік.

Айта кетейік, елде қазір 90 кинотеатр жұмыс істейді. Сонымен қатар, пандемия кезеңінде олардың қызметінің тоқтауы салдарынан кино көрсету нарығы кірісінің көлемі 2019 жылғы 30 млрд теңгеден 2021 жылы 17 млрд теңгеге дейін төмендеген.

Тегтер: фильм аударма