30.03.2022, 11:00

Қытайдың зиянды ойыншықтары Қазақстанда еркін сатылып жатыр

Фото: ашық дереккөз
Олар маңызды токсикологиялық сынақтардан өтпеген. Бала аузына салып, не иіскесе уланып қалуы мүмкін екен.

Елімізде жалған сертификатпен кеденнен өткен Қытай ойыншықтары еркін сатылымда жүр. Олар маңызды токсикологиялық сынақтардан өтпеген. Бала аузына салып, не иіскесе уланып қалуы мүмкін екен. Мұндай сертификаттарды қытайлық кәсіпкерлерге қырғызстандық мамандар бергені белгілі болды деп хабарлады turkystan.kz.

Қытайдан заңсыз тасымалданатын тауарлар саудасы қызып тұр. Азық-түліктен бастап, киім-кешекке дейінгінің көпшілігі Қытайдан әкелінеді. Мамандардың айтуынша, әсіресе көрші елден жеткізілетін ойыншықтар сапасы талапқа сай келмейді.

Сондықтан сатып аларда тауардың таңбалануына назар аударған жөн дейді. Сыртқы қаптамада өнімді шығарған кәсіпорын мен заттың атауы, таңбасы және қай жасқа арналғандығы, дайындалған күні анық көрсетілуі тиіс. Бұл ретте тұрғындардың кейбірі Қытай тауарын мүлде алмаймыз десе, кейбірі еріксіз алатынын мойындады.

Арзан, сапасыз, қауіпті ойыншық сатып, пайда таппақ болған кәсіпкерлердің көбі оларды шетелден сертификатсыз кіргізген. Аталған талапты орындамаған бизнесмендерге 6 миллионнан астам айыппұл салынған. Алайда, жалған сертификат жасатып, нарыққа еркін кіретіндер де аз емес дейді Техникалық реттеу және метрология комитетінің өкілдері.

«Қытайдың тауарларына берілген екі сертификатта олқылықтар анықталды. Өнімдерге бірқатар токсикологиялық сынақтар жасалмаған. Біз сол сертификатты берген Қырғызстан мамандарына бірден сұраныс жібердік, олар бізге үш күн ішінде сертификаттардың жойылғандығы туралы хабарлады. Өнімдерін заңсыз кіргізгендер жалған сертификат жасатып,  2025 жылға дейін тауарларын шектеусіз мөлшерде біздің елге тасымалдау құқығын алған», – дейді ҚР СИМ Техникалық реттеу және метрология комитеті төрағасының орынбасары Қуаныш Елікбаев.

Былтырдан бері Комитет мамандары тек ойыншықтарды емес, тексерістен өтпеген азық-түлік пен басқа да тауар түрлерін тасымалдауға мүмкіндік беретін 422 сертификат пен 426 сәйкестік декларациясының күшін жойған. Кәсіпкерлерге 88 миллион теңге айыппұл салынған. Жауапты комитет өкілдерінің айтуынша, бұндай заңсыздықтар «Халал» деп танылған өнімдерден де анықталуда.