Түркістан облысындағы Жетісай қаласының тұрғыны, төрт баланың анасы өз үйіне өрт қойды. Осы әрекеті арқылы ол өзінің ғана емес, балаларының да өмірін қимақ болды. Өмірден шаршадым деп үйіне өрт қойған келіншектің бейнежазбасын журналист Гулмира Әбіқай Facebook-тегі парақшасында жариялады.
Видеодан Ақмарал есімді келіншектің бөлме ішіне өрт қойып, көк түтіннің ішінде не үшін мұндай әрекетке барғанын түсіндіргенін көруге болады.
Жетісай қаласының тумасы, төрт баланың анасымын. Бұл өмірде жоқшылықтан, әділетсіздіктен, қысымнан шаршадым. Төрт баламды алып, әділ жаққа кетуге бел байладым. Біздің өлімімізге аудан әкімдігі, құзырлы орган кінәлі. Бұл менің соңғы бейнежазбам, - дейді видеода келіншек.
Ақмаралдың әрекетіне Түркістан облыстық әкімдігі өз пікірін білдірді. Келіншектің осы мағыналас хабарламалары бұған дейін де бірнеше мәрте жасалған көрінеді. Сол себепті, әйел мен балаларының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Шымкент қаласында орналасқан Кризистік орталыққа орналастыру ұсынылыпты. Бірақ одан бас тартқан.
"Жетісай қаласы, Байтұрсынов көшесі, №63/1 үй тұрғыны Асабаева Акмаралдың осы мағыналас бірнеше хабарламасы бойынша аудан прокуратурасы, аудан әкімдігінің үйлестіруімен 26.03.2022ж.-29.03.2022ж. аралығында ЖАО, АПБ, аурухана қызметкерлерімен біргелікте барып, А.Асабаеваның келтіріп отырған уәждерін қарастырып, таныстарының қарызы 1 250 000 теңге төленіп, кепілдікте тұрған үйі сот орындаушыларының кепілінен шығарылды. Сонымен қатар, үйіне азық-түлік жеткізіліп берілді, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілді", - деді әкімдік баспасөз қызметінде.
Сонымен қатар, келіншек пен оның балаларына қауіп төніп тұрған жоқтығын да айтты.