Батыс Қазақстан облысында тасқын су шайып кеткен бірнеше автокөлік жолы жабылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
БҚО ТЖ департаментінің жедел штабы мәлім еткеніндей, Шыңғырлау ауданында аудандық маңызы бар Шыңғырлау-Шоқтыбай жолының 8-шақырымын еріген қар суы шайып кетті. Шыңғырлау-Талдысай жолының 3-шақырымында да осындай оқиға тіркелді. Сол секілді 2 сәуір сағат 16.30-да облыстық маңызы бар Бөрлі-Ақсай-Жымпиты автожолын (87-шақырымында) су басты. Қызмет көрсетуші ұйымның күшімен кезекшілік ұйымдастырылды.
Теректі ауданында жергілікті маңызы бар Сарыөмір-Дуана жолын да су шайды. Соның салдарынан аталмыш жолдар барлық көлік түрлері үшін жабылды. Сондай-ақ 2 сәуір күні сағат 17.00-де Теректі ауданы Долинный ауылы тұсында республикалық маңызы бар Подстепный-Федоров-РФ шекарасы жолынан су асып кетті. Ағын суды тоқтату үшін тиісті жұмыстар жасалды. Жол қатынасында іркіліс болған жоқ. Сағат 23.25-те тасқын су тыйылды.
Жәнібек ауданында сағат 19.00-де жергілікті маңызы бар Жәнібек-Талов жолының бірнеше жерін тасқын су басты. Бұл жолмен жүк талғамайтын көліктер жүре алады. Облыста күннің күрт жылынып, қардың еруіне, сондай-ақ өзендерде су деңгейінің көтерілуіне байланысты күрделі жағдай қалыпттасып отыр. Қазіргі кезде бес ауданда көктемгі су тасқынына қарсы жұмыстарға 267 адам (51 техника, 6 жүзу құралы, 13 мотопомпа) жұмылдырылды. БҚО-ның Тасқала ауданына Маңғыстау облысынан да көмек келді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-ның тағы бір ауданында төтенше жағдай жарияланғанын, 170-тен астам тұрғын үйді су басқанын жазған болатынбыз.