05.04.2022, 17:00

Роскомнадзор «Википедиядан» Украинадағы соғысқа қатысты мақалаларды өшіруді талап етті

Фото: ашық дереккөз
Кері жағдайда «Википедия»  4 млн рубльге дейін айыппұл төлеуі мүмкін.

Роскомнадзор «Википедиядан» Украинадағы соғысқа қатысты сенімсіз дереккөздерден алынған ақпараттарды өшіруді талап етті. Кері жағдайда «Википедия»  4 млн рубльге дейін айыппұл төлеуі мүмкін, деп хабарлайды  РИА Новости. 

«Соңғы кездері «Википедияда» Украинадағы соғыс пен Ресей Қарулы күштерінің әрекеттері жөнінде сенімсіз ақпараттарға сүйенген материалдар жаппай жариялануда.

Ресей заңына сәйкес, Роскомнадзордың талабымен құқыққа қайшы ақпаратты өшірмеген ғаламтор ресурсы әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Заңды тұлғаларға 4 млн рубльге дейін айыппұл», - делінген хабарламада. 

Ведомствоның хабарлауынша, «Википедия» авторлары ғаламтор қолданушыларын мақсатты түрде жалған ақпаратпен адастыруда. Ақпарат көзінде жарияланған мақалаларда тек оқиғаларға антиресейлік тұрғыдан баға берілген, деп санайды Роскомнадзор. 

Бұған дейін ведомство «Википедияға» Украинадағы соғыс бойынша сенімсіз дереккөздерге сүйенген материалдарды өшіру қажеттігі жайлы ескерту жолдаған болатын.