Көкшетау қаласында оқитын шымкенттік курсанттар балконнан құлап кете жаздаған баланы құтқарып қалды, деп хабарлайды Қазақпарат.
Оқиға Көкшетау қаласында болған. М.Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясына сынақ тапсыруға барған шымкенттік өрт сөндіруші жастар көп қабатты тұрғын үйдің жанында жиналып қалған адамдардың жоғарыға қарап айқайлап жатқанын көреді. Бесінші қабаттың балконынан қарап тұрған балаға «ескертулер» айтылғанымен, оны бүлдіршін елей қоймапты. Қайта терезені ашып, төменге қарауын қоймаған.
Ескертулерге еш назар аудармаған. Баланың өміріне қауіп төніп тұрғанын көрген курсанттар бірден көмекке ұмтылады. Бесінші қабатқа шығып, есікті ұрғанымен ешкім ашпаған. Содан кейін курсанттардың бірі Абылай Кульбаев көрші пәтердің балконы арқылы бала тұрған терезеге өтеді. Осы сәтте әріптестері баланың назарын аударып, алдаусыратып тұрған. Осылайша үш курсант өміріне қауіп төнген баланы құтқарып, ата-анасына аман-есен тапсырды.